Биыл 2019 жылы актер, режиссер, КСРО және ҚазКСР халық артисі, кинорежиссер Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туғанына 105 жыл (1914-1970 жж.) Шәкен Айманов қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актері әрі режиссері. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы мен дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнады. Қазақ халқы осынау ардақты ұлымен мәңгі мақтана береді. Қазақ киносындағы ұлттық режиссураның дамуына өлшеусіз үлес қосқан төрт классиктің бірі. Шәкен Айманов есімі бәрінен бұрын қазақ киносы тарихында тұңғыш рет ұлттық киноны түсірген адам ретінде және оны барынша биікке көтерген талант ретінде ел жадында мәңгілік сақталған.

Шәкен Айманов (Шаһкерім) – 1914 ж. 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Ауыл мектебін бітірген соң, 1924 жылы Шәкенді үлкен ағасы Қажымұрат Семейге оқуға алып кетеді. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай режиссердің жастық шағы туралы толғамында:

Мектепті бітіре сала, 1928 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына түсті. Кәдімгі таланттарымыздың томағасын сыпырған Абай, Мұхтардың мекені – қарт Семей, атақты "Ес аймақ" қоғамының отаны, жас таланттардың намысын қайрауда Шәкен табиғатына да едәуір өзгеріс әкелді, бала дарынға леп берді. Өнерін ұштап, көзге түсіп қалған түбіт мұрт бозбаланы 1932 жылы ашаршылықтан зардап шеккен елдің хәл күйімен танысып жүрген ұлы Ғабит Мүсірепов байқап қалады. Жас жүректің өзгеше лүпілі мен зердесін ұққан атақты жазушы болашақ актер бағытын астанаға бұрған. 1932-1933 жылғы маусымнан бастап, қазақ драма театрына алынған Шәкеннің алғашқы рөлдері: Грамофонов (Погодин, "Менің досым") Қодар, Керім ("Абай"), Алдар көсе (Құсайынов, "Алдар көсе"), Исатай (Жансүгіров, "Исатай-Махамбет") Шекспирдің 1939 жылғы "Отелло" қойылымында – Кассио және тағы басқалары. Қазақ, орыс және шетел драматургтерінің таңдаулы шығармалары актер репертуарының негізін құрады,

– деп жазады. Шәкен Аймановтың алғашқы баспалдағы театрдан басталды. Өз шеберлігімен театрда бәрін де мойындата білген еді. Театр сахнасында болсын, кино әлемінде болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы тиген дүниелердің бәрі ерекше құнды. Шәкен ойнаған Хлестаков ("Ревизор"), Ақан сері ("Ақан сері-Ақтоқты"), Кассио ("Отелло") рөльдері мәңгілік бейнелер. Актер ретіндегі талантына оның жиырма жылдай театр сахнасында ойнаған рөльдері куә. Ол ойнаған әрбір рөл өзгеше бір әлем, өзгеше бір құдіретті паш ететін. Петруччио, Ақан сері, Абай, сияқты сан рөлдері көрерменін еш жалықтырмады. Кинорежиссердың "Алдаркөсе", "Атамекен", "Тақиялы періште, "Атаманның ақыры" және т.б. фильмдері шын мәнінде қайталанбас туынды болып қалды. Экранға шыққанына қырық алты жылға жуықтаған "Тақиялы періште" фильмі әлі күнге көрерменін еш жалықтырған емес. Қырық жылдан астам уақытта бірталай ұрпақ ауысты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін "Тақиялы періштенің" әрбір эпизодын жатқа біледі. Кино арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелеуге болады.

Ш. Аймановтың өмірі мен өнер жолын қысқаша кезеңдерге тоғыстырып көрсетер болсақ мынадай болар еді: ол  1947-51 ж. қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. "Абай әндері" (1945), "Жамбыл" (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953-70 ж. "Қазақфильм" студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: "Махаббат туралы аңыз" (1953), "Алдар көсе" (1965), "Атамекен" (1966), "Найзатас баурайында" (1968). Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан "Біздің сүйікті дәрігер" (1958) мен "Тақиялы періште" (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған "Атаманның ақыры" (1970) фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958-70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және "Қазақфильм" студиясы (1984) Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Өнер туралы әдебиеттер бөлімі оқырмандар назарына кітап көрмесін ұйымдастырды, ол көрмеде  кинорежиссердің шығармашылығына арналған әдебиеттермен, электрондық (CD-ROM)-да және   мерзімді басылымдар  бетіне шыққан  мақалалармен таныса аласыздар.

  Әдебиеттер тізімі:

  •  Аупбаев Ж. Ажалға аттанғандар // Егемен Қазақстан. - 2016. - 1 қырк. - 9 б.; 2 қыркүйек. - 8 б.; 3 қыркүйек. - 9 б.; 6 қыркүйек. - 13 б.; 9 қыркүйек. - 5 б.; 10 қыркүйек. - 5 б.
  •  Земля отцов / сост. Г. Абикеева; прод. А. Сабитов. - [б. м.] : ЦЦАК, 2007. - 1 эл. опт. диск (CD-ROM). - (Кино Центральной Азии).
  • Қарақбайқызы-Елебеккеліні Х. Бірге өткен тәтті күндердің елесі : немесе Шәкен Айманов туралы сыр // Қазақ үні. - 2016. - 18 қазан - 10-11 б.; 24 қазан. - 18 б.; 31 қазан. - 21 б.; 7 қараша. - 21 б.; 14 қараша. - 17 б.
  • Пилтан М. Алматының қазақ көркем киносындағы экрандық сипаты // Мәдениет. - 2016. - № 11. - 24-25 б.
  • Рәш М. "Алдаркөсені" өмірде ойнаған // Түркістан. - 2015. - 13 тамыз. - 11 б.
  • Сахариянов А. Биіктік : [Шәкен Аймановтың бугінгі өмірдегі бейнесі // Үркер. - 2017. - № 5. - 19-22 б.
  • Тәшімова М. Тілектес Мейрамов : [Халық артисі туралы] // Театр. kz. - 2017. - № 7. - 50-54 б.
  • Шәкен Кенжетайұлы Айманов // Рахманқызы Н. Қазақ киносы: кеше және бүгін Астана : 2017. - 460 б.