Құрметті оқырман!

Қадым ғасырлар қойнауынан ата-бабаларымыздың ең асыл мұрасындай бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткен киелі өнеріміздің бірі – ән-күй өнері. Бұл өнер әуел бастан бесік жырымен тербетіліп, ауылдың алты ауызымен жетілген, сосын алтыбақан үстінде мақпал түнмен әуелеп, үлкенді-кішілі той-томалақтарда қанаттана отырып, алты алашты аралап кете барды. Әйгілі шығыстанушы ғалым В.В. Радловтың «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады» деуі осыдан шықса керек.

Биылғы жылы ән мен күй өнерінің дүлдүлдері Н. Тілендиев пен Қайрат Байбосыновтың мерейтойлары. Осыған орай, Сіздерді 2015 жылы аталып өтетін айтулы күндер ішінен ойып тұрып орын алатын, Қазақстанның мәдениет саласындағы мерейтой иелері туралы қорымыздағы әдебиеттермен таныстыруды жөн көрдік.

Дирижер, композитор, домбырашы, КСРО және Қазақ КСР халық артисі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туғанына 90 жыл (1925 – 1998 жж.)

Әлқисса!

Адам баласы қамшының сабындай өлшеулі ғұмырында Алла сыйлаған санасының арқасында еңбек етіп, бойындағы барын ашуға тырысатыны белгілі. Осы жолда жатпай-тұрмай еңбектенсе, Алла оның нәсібін арттырып, мерейін үстем етеді екен. Нұрғисаның да айналасына нұрын шашып, мерейінің биік болуы - еңбекқорлығының арқасы. Жетпіс үш жылдық ғұмырында ол өмірдің небір тар жол, тайғақ кешуінен өтті. Сонда да мойымады. Бойындағы Алла берген талантты халқына сыйлады. Қаршадайынан қойнына жинаған асыл мұрасы - ән мен күйін халқына шашу етіп шашты. Нұрғисаны іздесең, оның шығармаларына үңіл. Нұрғисаны танығың келсе, оның күйлерін құлақ салып тыңда, Нұрғисаны сағынсаң, оның әндерін тыңда.

«Ғасыр сазын тербеген» атты кітапта ерекше дарын иесі өмірінің қыр-сырлары көркем сипатталған.

 

ҚР халық артисі Қайрат Әукенұлы Байбосыновтың туғанына 65 жыл

Жерлесіміз Қ. Байбосынов негізінен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Сегіз сері, Естай, Мәди, Ғазиз, Кенен т.б. халық композиторларының туындыларын өзіндік үн-бояуымен нақышына келтіре орындайды, оларды халық арасына насихаттауда елеулі еңбек етті.

«Айбозым» деп аталатын бұл жинаққа қазақтың біртуар әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтай бір туар дарынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы жан-жақты мәлімет ұсынылған жазбалар топтастырылды. Олардың қай-қайсысы да бітім-болмысы бөлек толағай талантты әр қырынан тереңірек танытуға қызмет етіп тұр. Жинақ өнерсүйер көпшілік қауымға арналған.

Келіңіздер! Бірге оқиық!