Елдің елдігін, халықтың бітім-болмысын көрсететін ұлттық құндылықтарымыз – мемлекетіміздің рәміздері.

1 маусым күні оқу залында Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған "Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 4 маусым күні - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ретінде мерекеленеді.

Рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты - қазақстандық патриотизм, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін мақтан тұту идеяларын кеңінен дәріптеу және дамыту, қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген терең құрмет сезімін қалыптастыру.

1992 жыл тарихи оқиғаларға толы жыл. Тарихи оқиғалардың ішінде Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны қабылдау сәттері болды. Осы даталармен бірге Қазақстан тарихында тәуелсіздік нышандарын жасаған: суретші Шәкен Ниязбеков (Ту авторы), сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков және Шота Уәлихановтың (Елтаңба авторлары) есімдері мәңгі есте қалды.

2006 жылы тағы бір маңызды оқиға болды. Ол Еліміздің жаңа әнұраны қабылданды. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған, кейін Президент Н.Ә. Назарбаев кейбір түзетулер енгізген Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" атақты әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналды.

Келесі жыл Мемлекеттік рәміздер тарихында ерекше орын алады, өйткені 2007 жылғы 4 маусымда "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заңы қабылданды. Заңда мемлекеттік рәміздердің мәртебесін нығайтуға бағытталған талаптар белгіленеді. Оқырмандар көрмеден заң мәтінімен толығырақ таныса алады. Сондай-ақ көрмеге бірқатар ілеспе түсініктемелер және әдістемелік құралдар қойылған.

Көрмеде Ата заңымыз "Қазақстан Республикасының Конституциясы" (Алматы, 2010 ж.) басты орын алады (ғылыми-практикалық түсініктеме). Түсініктемеде қолданыстағы заңнама мен қазіргі заң ғылымы ескерілген Конституцияның кіріспесінің, принциптерінің, ережелері мен нормаларының ғылыми-құқықтық мазмұны ашылған.

ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы жан-жақты ғылыми–көркем пайымдау арқылы замандастарымыздың бойында мемлекеттік мұраттарға адалдық, отаншылдық сезімдерін оятатын еңбек Е. Шаймерденовтың  "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері" (Алматы, 2002 ж.), "Елтаным" кітаптарында (Алматы, 2005 ж.) көрсетілген.

"Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев. Қызмет хроникасы 2007" (Астана, 2012) кітабында 2007 жылы елімізде және шетелдерде Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген басты іс-шаралар жайында баяндалған, сонымен қатар осы кезеңде  Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген толыққанды сөздерінің мәтіндері, 2007 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының маңызы зор заңдары мен Президент жарлықтарының тізбесі ұсынылған, түрлі анықтамалық ақпараттар келтірілген.

Қ-Ж.Тоқаевтың "Беласу" атты еңбегінде (Алматы, 2003 ж.) Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуына терең де, қызғылықты талдау жасалған.

Б. Г. Аяғанның "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы" атты туындысында (Астана, 2012 ж.) мемлекеттік рәміздердің авторлары және олардың эскиздермен жұмысы естеліктеріне негізделген материалдар берілген.

Мемлекеттік Елтаңба авторы  Ж. Мәлібекұлы "Қазақстан Елтаңбасы" (Астана, 2017) кітабында осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, мәні мен мақсатын елдік құндылықтарды дәріптеу аясында атқарылған іс-шаралар жайында баяндайды.   

Баспа беттерінде де мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызы жайлымақалаларжарық көрді. "Егемен Қазақстан" газеті 2020 жылдың 4 маусымындағы санында шыққан О. Өтемұраттың "Нышанға нұсқан келсе, елдікке сын" мақаласы еліміздің ерекше белгілері – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыздың қадір-қасиетін сөз етіп, еңсеміз тік, рухымыз асқақ, беделіміз биік болуы үшін осынау рәміздерімізді қашанда қажет тұтып, қастерлеуіміз керек екендігі жайлы ой толғайды.

"Орталық Қазақстан" газетінің 2020 жылғы маусым айында шыққан "Елдіктің нышаны - Рәміздер" атты мақалалар топтамасында еліміз үшін маңызы зор мереке жайлы, Қазақстан Республикасының өркендеу жолындағы рәміздердің ерекшелігі жайлы сөз етіледі. Осы мақалаларда авторлардың өмірбаяны, егемендікті еншілегенге дейінгі еліміздегі тарихи рәміздер туралы материалдар мен мақалалар қойылды.

Көрмеде ұсынылған әдебиеттер қалың оқырман қауымға, ЖОО оқытушылар мен студенттерге, мектеп оқушыларына пайдалы. Кітап көрменің материалдарымен танысқысы келетіндер оқырмандарды кітапханаға шақырамыз!

 

   Оқу залы бөлімінің кітапханашысы:  Аутаева Ш. С.