Бүгін кітапханамызда жұмыс жасайтын "Парасат жолы" орталығында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаментімен бірлесе ақын, қоғам белсендісі, "Формула" кітабының авторы Эльмира Сайлауқызымен кездесу өтті.

Сүбелі сұхбатта сұрақ-жауап арқылы жастардың қоғамдағы рөлі, адалдық туралы ойлары ортаға салынды.

Эльмира Сайлауқызы "Жемқорлықтың кең етек жаюына бірден-бір себеп – адамдардың кітапқа қызығушылығының жоқтығынан" деп есептейді. Сонымен қатар, Қазақстанның әрбір азаматы қоғамда парасаттылықты қалыптастыру үшін үлес қосу керек. Ол жазушы бола ма, мемлекеттік қызметкер бола ма мейлі. Бұл жаппай көтеретін ортақ жүк – деген пікірде қоғам белсендісі.

Бүгінгі кездесу адалдық жолында, әділеттілік жолында жасалып жатқан игі істер жайлы айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам болып бірлесе жұмыс жасаудағы "Парасат жолы" орталығының мән-мағынасын аша түскендей.

Кездесуге жиналған жастар бүгінгі әңгімеден көп ой түйгендері анық. "Ауру батпандап кіреді, мысқылдап шығады" - дегендей, жемқорлық дертімен тек құқық қорғау саласының қызметкерлері ғана емес, еліміздің әр саласындағы белсенділері қатарға қосылулары керек – деген оймен әдемі жиынды қорытындыладық.