2020 жылдың 1-қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс – қимыл кезеңі» атты кезекті жолдауын жолдады. Мемлекет басшысы кезекті жолдауында пандемияға қарсы күрес кезіндегі азаматтардың өмірі пен денсаулығы сақтау үшін жұдырықтай жұмылған ел бірлігіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Жаңа жағдайдағы экономикалық дамуының басты 7 бағдарын атап көрсетті. Экономиканы қарқынды дамытып, бейбіт Қазақстанның одан әрі жандануын қолға алу қажеттігін да баса айтты.

Биылғы Жолдау ерекшелігін көпшілік оқырманға жеткізу мақсатында кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде «Жолдау – ұлтымыздың ұлы бағдары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап көрмесіне Жолдауда көрсетілген жекеленген әр бөлім бойынша әдебиеттер ұсынылды.

Көрме төрінен орын алған туынды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 томдық шығармалар жинағы мен «Беласу» атты еңбегі. Б. Аяғанның «Қазақстанның жаңа тарихы: Тұрақты Қазақстан» еңбегінде Тәуелсіз Қазақстан тарихы бойынша бай ақпараттық - құжаттық материалдар қамтылған. Қазіргі қоғамның әлеуметтік – экономикалық, саяси өзгерістері, жетістіктері айтылған. С.П. Мороздың «Кәсіпкерлік (шарушылық) құқық» және  «Кәсіпкерлік (шаруашылық) құқық бойынша практикалық тапсырмалар» кітабы кәсіпкерлік құқық теориясының аса маңызды мәселелерін, әдісі, ұстанымдары мен жүйесін қарастырған. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің үлгілері мен бағыттары жайлы да мағлұматтар алуға болады. Б.Х. Тусупованың «Табиғатты пайдалану экономикасы бойынша практикум» кітабы тұрақты экологиялық - экономикалық даму концепциясының негіздерін зерттеуге бағытталған. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы төлемақы мен айыппұл жүйесі қарастырылған. Л. Спанқұлованың «Экономикалық этюдтер» атты туындысына ұлт саулығы экономикасы, Білім экономикасы, Бизнесті бағалау, Экономикалық теңсіздік тақырыптары енгізілген.

Халық денсаулығы мен білім деңгейі - қоғамның басты  құндылығы. Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі - көптеген факторларға, соның ішінде халықтың біліміне және денсаулығына, әлеуметтік жағдайына тығыз байланысты екені белгілі.  Ұрпақ тәрбиесіне, біліміне көңіл бөлу - келешек қоғамның қамын ойлау болып табылады. «Тұлғаның рухани – адамгершілік тәрбиесі», Ш. Таубаеваның «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістері», Н.Б. Жиенбаеваның «Қазіргі заманғы жоғарғы оқу орнында білім беру жүйесіндегі дуалды – бағытталған оқытудың теориясы мен практикасы» кітаптары бүгінгі күннің басты тақырыбы - ұрпақ тәрбиесі мен білім алуына баса назар аударады.

Тәуелсіз Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет. Табиғи ресурстарды пайдалану қажеттілігі мен оны қорғау қажеттілігі, оны молайту бүгінгі күннің басты мәселесі. Г. Т. Айғаринова мен А.К. Джанғабылованың «Қазақстан Республикасының Экологиялық құқығы», «Экологиялық туризм» кітаптары экологиялық тұрақты болашақты қамтамасыз етуге арналған.

Сонымен қатар, кітап көрмесінен мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген мақалалармен де танысуға болады. Атап айтқанда «Жас қазақ» газетінің 2020 жылғы 24 шілдеде Қ. Андастың «Жаңғыртпалы қуат көзі», «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 27 сәуір күні жарық көрген Ж. Базардың «Қоршаған ортаға қамқорлық керек», «Орталық Қазақстан» газетінің 2020 жылдың 24 қыркүйектегі А. Нүкеновтың «Әлеуметтік мемлекет жолында» мақалалары Президент жолдауында көтерілген мәселе төңірегінде ой толғайды.

Құрметті оқырман! Мемлекет басшысы Жолдауда жуық арада шешілуі тиіс мәселелерді тап басып, алдағы іс-қимыл стратегияларын көрсетті! Жолдаудан мол ақпарат алып, біздің кітапханамыздан қажетті әдебиеттеріңізді алып оқи аласыздар!

                                                                     

Оқу залдары бөлімі  кітапханашысы: К. Айтбаева