Ядролық сынақтардың тарихы – қасірет тарихы. 2000-нан астам ядролық сынақтардың құрбандары көбінесе халықтың ең осал топтары арасында болды. Ядролық сынақтардың жойқын зардаптары ұлттық шекарадан асып түседі және қоршаған ортаға, денсаулыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне және экономикалық дамуға әсер етеді.

2009 жылы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алпыс төртінші сессиясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Қарарда адамдарды «ядролық қаруды сынау жарылыстарының және кез келген басқа да ядролық жарылыстардың салдары туралы және ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жету құралдарының бірі ретінде оларды тоқтату қажеттілігі туралы» белсендірек оқыту мен хабардар етуді талап етеді. Қазақстан Республикасы 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылуын атап өту мақсатында демеушілері мен авторлары көп бұл қаулыны қабылдау туралы бастама көтерді.

23 тамыз күні сағат 15-00-де Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсендісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі, Нобель сыйлығының үміткері, қылқалам шебері Кәріпбек Күйіковпен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты - Жастар арасында Семей полигоны, адам мен қоршаған ортаға ядролық сынақтардың салдары мен «Невада-Семей» қозғалысы туралы түсінік қалыптастыру және жастарды патриотизмге тәрбиелеу.

Шараға «Инвалиды-чернобыльцы» ҚБ төрағасы Ким Олег Леонидович, VolteQ клубының мүшелері, American Corner еріктілері, облыстық кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілі қатысты.

Кездесудің құрметті қонағы Кәріпбек Күйіков 1968 жылы Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында туған. Ата-анасы ұзақ жылдар бойы Семей ядролық полигонына 20 шақырым қашықтықта орналасқан Мыржық ауылында тұрған. Кейін Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылына көшіп барған.

Кәріпбек Күйіков тумыстан екі қолсыз, белі бүкіштеніп дүниеге келген ол қаршадайынан Алматы мен Ленинградтың ортопедиялық институттарының зерттейтін әрі протез сынайтын объектісіне айналған. Мүгедек балаларға арналған арнайы мектеп интернатқа қабылданған. Сонда жүріп, бояулы қарындаштарды алғаш көргеннен-ақ ол суретші болуды армандайды.  Сөйтіп, қалай болса да, қайтсе де сурет салуға ұмтылған. Қолы болмағандықтан алғашында аяғымен салуға машықтанған. Бүгінде суретші 55 жаста. Ол әлемді саяхаттап, адамдарға ядролық сынақтардың адамзат өміріне қандай әсер тигізетінін айтып жүреді. Оның туындылары Германия, АҚШ және Жапонияның жеке коллекцияларында қойылды. Бүгінде белсенді азамат ядролық қаруға қарсы «Атом» жобасының Елшісі.

Кездесу барысында Кәріпбек Телтайұлы ата-анасына құрметін білдіре отырып: «Әкем қарапайым жүргізуші болған. Ол көлігімен жайлауда жүріп, жиі Семей полигонының аумағына баратын.  Анам мен үшін қатты уайымдағанын айтқанда жүрегім елжіреп тыңдайтынмын. Біздің жанұяда тағы екі бала болған, алайда олар 1 жылға толмастан көз жұмды», - дейді ол.

Сонымен қатар, өзінің өміріндегі алғашқы қадамдарын анасының батылдығы мен әкесінің мейірімімен жасағаны, ауылдастарының да сол кезде қиналып өскендерін, жас кездегі Ленинград пен Мәскеудегі күндері, табандылық пен еңбекқорлықтың күші, туған ауылы мен ат құлағында ойнауы жайында сөз қозғады. Ленинградта өзіндей тағдыр тауқыметін бастарынан кешіп жүрген жандардың ортасында болғанын, Мәскеуде оқуын аяқтап, анасына асыққанын, анасымен ана тілінде сөйлей алмай қатты қиналғаны жайында естеліктерімен бөлісті.

Тағдырдың ауыртпашылығына қарамастан Кәріпбек Телтайұлы шығармашылығын шыңдап, бойында адамгершілік қасиетін дамытқан. Ол кісінің өмірбаяны жастар үшін үлкен өнеге екенін тыңдармандар да мойындайды. Кәріпбек Телтайұлы да жастарға мүмкіндіктердің әркез бар екенін, уақыттың қадірі мен Отанды сүю ұсақ-түйектерден басталатынын айтып өтті.

Кездесу соңында «Ядролық қарусыз планетаның болашағы» атты кітап көрмесінің аясында оқырмандар «Невада-Семей» қозғалысы жайлы әдебиеттерімен және табиғат пен адамзат түстерінің барлық үйлесімділігін көрсететін суретшінің тырнақалды туындыларымен танысты.

Кәріпбек Телтайұлы осы кездесу үшін және сіздің шынайылығыңыз бен жанашырлығыңыз үшін алғысымыз шексіз! Шабытыңыз талмай, шеберлігіңіз шыңдала беруіне тілектеспіз. Жанымызда Кәріпбек ағадай жарқын жандар барда жастардың да жалыны сөнбес деп сеніммен айта аламыз.

P.S. «Атом» жобасының ресми сайтында әрқайсымыз кіріп, ядролық сынақтарға қарсы өз дауысымызды бере алатын онлайн-петиция жарияланған. Бұл акцияның басты мақсаты - миллион дауыс жинау.

Бұл жобаның атауы «Abolish Testing. Our Mission», яғни «Сынақтарды жою - біздің мақсатымыз» дегенді білдіреді. Жоба аясында ядролық қаруға қарсы Жер бетіндегі кез келген адам онлайн-петицияға қол қоя алады. Ядролық қарусыз әлем құруға бығыталған.

 Халықаралық кітаптар бөлімінің қызметкері: Ғ.Қырықбай