Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 13 қазан күні Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мұрасына арналған облыстық «АлашTime» форум-байқауы өтті.
Форум-байқау кітапхананың бірінші қабатында орналасқан «Әлихан Бөкейхан – дәуір тұлғасы» атты диалог-көрмесімен ашылды. Ашылу салтанатында тарихшы ғалым, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы Бейсенбекова, ұлағатты ұстаз, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Әлихан Бөкейхан атында мектептің, ауданның есімін беруде үлкен қызмет атқарған еңбек ардагері Тілеуғалы Әміртайұлы құттықтау сөз сөйлеп, форум-байқаудың жұмысына сәттілік тіледі. Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Ә. Ілиәш, О. Ерхан, А. Рахметолла, А. Ахметов Алаш қайраткерлерінің Әлиханға арнаған өлеңдерін жатқа айтып, оқырман қауымын жырмен сусындатты.