Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі демекші кітапханада бүгін Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойы аясында «Достық пенен шапағаттың, Бесігі сен, Қарағандым!» атты тұсаукесер кеші өтті.

Шарада барлық саналы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған, осы жолда талмай ізденген, қазақы рухты әндерін дүниеге әкелген ақын, әнші Бота Ноғаеваның шығармашылығына арналған «Ән Бота» кітабының таныстырылымы өтті.

Сөз кезегін алған кітап авторлары Бірлік Қазақызы мен Үміт Қазақызы әншінің өмір жолы жайында естеліктерімен бөлісіп, кітаптың жарыққа шығу тарихына тоқталды. Ардагер ұстаз Ерік Әбішев Б. Ноғаеваның өлеңдері мен өзінің арнауларын оқыса, әншінің шәкірті Айсұлу Әділбекова «Өркендей бер, Қарағандым! әнін орындап, оқырман қошеметіне бөленді. Облыстық және мектеп кітапханаларына жаңа кітаптарды сыйға тартты.

Н.В. Гоголь атындағы ҚОӘҒК құрастырған «KRG: Open-Air»  интерактивтік онлайн-гидінің жобаның авторы кітапхананың ғылыми хатшысы В.И. Пак Қарағанды қаласына арналған жобадағы ақпараттың қысқа, бірақ нақты фактілерге толы анықтама болып табылатындығы жайында, мұнан оқырмандар қаланың көшелері, сәулет ескерткіштері, тұлғалары, ескерткіштері, парктер мен алаңдарымен таныса алатындығы жайында әңгімеледі.

Шарада өлкетанулық жаңа кітаптардың топтамаларының, яғни  жаңа қазақ әдебиеті сериясымен жарық көрген жыржауһарлық Ж. Әлиманның «Жұлдызымның жорығы», А. Рахымжанованың «Алтын тамыр», Ж.  Байбұланованың «Сезім сөздігі» атты жыр жинақтары мен Е. К.  Джиеналиевтің «Девушки из города Караганда» романы және Қарағанды облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының бастамасымен жарыққа шыққан жас сазгер Амангелді Ахметжановтың «Айналайын» атты әндер жинағы жайында қысқаша мағлұмат берілді.

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева

Ай кітабы