Биыл өңіріміздің ең ірі өнер ордасы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында елуден астам жыл еңбек еткен, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабековтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Осыған орай кітапханамыздың оқу залында «Сахна тарланы» бенефисі өтті.

Өнер сүйер қауымды актер-драматург, сахна саңлағы Кеңес Нарымбайұлының өнердегі өнегелі өмірі мен шығармашылығымен таныстыру мақсатында өткен бұл шара ашық алаң форматында өтті.

Кітапхана ұжымы бенефис шымылдығын мерейтой иесіне арналып жасалған бейнероликпен ашылды.

Мерейтой иесі шараға келген оқырмандардың қызықтырған сауалдарына жауап бере отырып, өзінің ойнаған рөлдері мен шынайы сомдаған бейнелерінен мысал келтірді. «Актерлік қабілет бойыңызға қалай дарыған?» деген оқырман сауалына: «Адам бойындағы қабілеттерінің көмегімен белгілі бір кезең мен уақытқа тән тірі образ (кейіп) жасау өнері біреуге туа, біреуге жүре келеді. Шабыт күшін, қиял қуатын, ыстық сезімді талап ететін ерекше қабілет адам бойынан бала күнінен-ақ байқалады. Оны шыңдап, тереңірек тану адамның өз қолында»,- деп  жауап берді. Әңгіме өрбіте отырып актерлік өнердің қызықтары мен қиыншылықтары туралы ерекше толғаныспен әңгімеледі.

Аталмыш шара барысында актер көркем сөз шеберінен «Шеберлік сағатын» өткізді. Жыр сүйер қауымның мәнерлеп оқыған сүйікті өлеңдерін талдап, оқу мәнерін терең түсіндіріп берді. Бенефисіміздің демеушісі болған Сәкен театры 3 желтоқсан күні өтетін «Кеш» атты пьесасын тамашалауға он билет ойнатылды.

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі әншісі Ришат Шабденов Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әнін шырқап берді. Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Санақбай Жәнібек «Вальс каролі» Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен папури орындап, шараға келген әнсүйер қауыммен қосыла орындады. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Акеева Аяжан әннен шашу шашып, шараға келген оқырмандарға тамаша көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, өнерсүйер қауымға ерекше безендірілген «Театр тарланы» атты фото-көрме ұсынылды.

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің басшысы: Б.З.Оспанкулова

Ай кітабы