Кітапханада сегіз қырлы, бір сырлы, қайраткерлігі елге аян, ағартушылығын халқы қастерлеген Қуаныш Мақсұтовтың «AlphaPrint» баспасынан жарық көрген «ҚҰТ» кітабының таныстырылымы өтті.

Заманауи жетістіктер қолданылған жаңа кітапта ақынның поэзиясы, бардтық туындылары, шансондары, көсемсөздері топтастырылған. Кітапта көрсетілген QR-кодтар арқылы музыкалық туындыларды тыңдап, Қ. Мақсұтовтың YouTube арнасындағы мәліметтермен танысуға болатын ерекшелігі бар.

Ашық диалог форматында өткен кеште оқырман қауым жаңа кітаппен танысып, көңілдерінде жүрген көкейкесті сұрақтарына жауаптарын алып, өлеңдерін оқып, ән мен күй тыңдады. Фото-кітап көрмесін тамашалады.

Аталмыш іс-шараны ақын, «Орталық Қазақстан» газетінің журналисі Ерқанат Кеңесбек жүргізді.

Кешті Н.В. Гоголь атындағы ҚОӘҒК басшысы Шаймұханбетова Айнұр Сәкенқызы сөз сөйлеп, ашып берді.

Қуаныш Мақсұтовтың алуан қырын, ақындығын, әншілігін, сазгерлігін, серілігін, шешендігін, ойшылдығын ашып беріп, дамытып, қамқор болған Қарағанды аймағының халқы мен мәдени-әдеби ортасы.

Осыған орай, оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың лентасын Қуаныш ақынның рухани ұстазы, мәдениет пен өнердің жанашыры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Омарбекова Рымбала Кенжебалақызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайбергенов Құдайберген Бексұлтанұлы, Т. Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Аңсатов Сәпен (Қызылорда облысы) қиып, естеліктерімен бөлісіп, кітап авторының бұдан әрі жазар дүниелері, бағындарар биігі көп болсын деген баталарын беріп, өте жақсы пікірлер білдірді.

Қуаныш ағамыздың бойына Алаш қайраткерлері сияқты елге, Ұлт мүддесіне адал қызмет етуді сіңіріп, еркелетіп, әрбір жетістігіне қуана білген Қарағанды елінің игі жақсылары мен өнер ортасынан келген қонақтар «Аманат» партиясының Қарағанды облысының филиалының төрағасы Алтынбеков Бекзат Қомарұлы, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұяқов Ғабит Шораұлы т.б. қаламгерлер ақынды мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты, жаңа кітапқа ақ жол тіледі.

Сөз кезегін алған автор ой салған өнегелі сөздері мен сиясы кеппеген өлеңдерін, бардтық туындылары мен шансондарын орындап, жаңа кітапты шығарудағы мақсаты, жалпы ойындағы жырларды жеткізе алды ма? деген сұрақтарға жауап берді. Шығармашылығын құрметтей білген оқырман қауымға ақындық ақ тілегін білдірді. Осы кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімдігіне, «Аманат» партиясының Қарағанды облысының филиалына, «Ақжол» партиясының филиалына және меценаттар Арынбаев Нұрлан, Жаңабаев Бақыт, Ипкеев Сапар, Алтынбеков Бекзат, Отарбаев Қанат сияқты азаматтарға алғысын білдірді.

Оқырман қауымның рухани шарадан алған шынайы, рухани әсерлерін көріп, поэзия мен бардтық туындылардың құдіретіне еріксіз бас иесің, тамсанасың.

Жүректердің түбіне Сөз бен Ойдың сәулесін түсіруді мақсат еткен Қуаныш ағамыздың поэзиясы, бардтық туындылары, батыл ойларға толы ақындар айтыстары жанды қанаттандырып, рух беріп өзінің ғажайып әлеміне жетелейтіні сөзсіз.

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева

Индустриальная Караганда

Ай кітабы