Сарыарқаның төсінде,

Төне түсіп Есілге

Бой көтеріп Астана,

Ілесті өмір көшіне

– деп ақын Өтепберген Ақыпбекұлы жырлағандай қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл!

Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты. Міне, осындай тамаша жетістіктер мен жеңістерге толы 20 жыл ішінде Ұлы даланың қақ кіндігі – Сарыарқа төсінде XXI ғасыр ғажайыбы, әлемдік мегаполис, арман қала бой көтерді.

Бүгін яғни, 27 – сәуір күні Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Тәуелсіздіктің символы – Астана " атты кітап көрмесі өтті.

Бұл көрменің басты мақсаты – оқырмандардың туған елге, жерге деген сүйіспеншіліктерін, қызығушылықтарын арттыра отырып, Астана жайлы, Елбасының ерен еңбегі туралы әдебиеттерді насихаттау, талғамы биік оқырмандарды қазақтың бас қаласымен кеңірек таныстыру.

Көрме шымылдығы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың "Тәуелсіздік дәуірі" атты кітабымен ашылды.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың "Тәуелсіздік дәуірі" атты еңбегі тарихи публицистика жанрында жазылған, ол еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны егжей-тегжейлі баяндалады. Кітапта "қазақстандық даму үлгісінің" табиғаты мен эволюциясы басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған.

Жазушы, публицист, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алдан Смайылдың "Тарих таңдаған Астана" еңбегі де осы көрмеден табылды. Ежелгі Ақмола-Қараөткел өңірінің тарихын ұзақ уақыт зерттеудің нәтижесінде жазылған тарихи туынды көпшілікті қызықтырғаны сөзсіз байқалды. Кітапта Батыс Еуропа, Араб-Иран, Қытай және Ресей тарихшылары мен саяхатшыларының еңбектері кеңірек пайдаланылған.

Аталмыш көрмеде орын алған әр кітапқа оқырмандар қызығушылықтарын танытып, бас қаламыздың көркейіп келе жатқан келбеті мен баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарды ерекше ықыласпен тамашалады.

Астана – Қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, тағылым мен білімнің ордасы. Бабалар арманын іске асырып бас аяғы төрт-бес жылда Астана салған мемлекет болған емес. Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі – Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр.

Ендеше сіздерді де осындай тамаша көрмемізді тамашалауға шақырамыз!