Азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Демек, біреу туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді деген сұрақты қою заңдылық. Белгілі бір саланы ғана меңгеріп, сол арқылы ел мақтанышына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген тұлғалар аз емес. Осындай азаматтың бірегейі – Марал Хасен. Ол еліне, жеріне еңбегі сіңген, ойы терең, тілі бай журналист, публицист, әзіл-сықақтың майталманы, өзінің тілін құрметтеп, өзгенің тілін шебер меңгеріп, қазақтың көркем сөзін басқаларға таныта білген аудармашы, есімі көпшілік оқырман қауымға кеңінен танымал. Өткір ойлы, биік парасат-пайымды, терең зейін-зерделі, шын жүректен туындаған еңбектері халықтың қарапайым, ұғынықты тілімен жазылғандықтан әркез оқырман жүрегіне жол тапқан.

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне, Астананың 20 жылдық мерейтойына ұйымдастырылған кітап фестивальі апталығы аясында кітапханамызда Марал Хасеннің "Тарлан ашқан талант" атты еске алу кеші өтті.

Бұл кештің басты жаңалығы – автордың "Нобель сыйлығының лауреаттары: Светлана Алексиевич, Элис Манро 2 кітап" атты туындының таныстырылымы. М.Хасеннің жары Рымбала Смайылова жазғандары мен аударған дүниелерін тірнектеп жинап, теріп, баспаға тапсырып, өз қаражатына жарыққа шығарып, орасан еңбек етіп, оқырман қауымды жағымды жаңалықпен қуантты.

Кештің басты қонағы болған Р. Смайылова Светлана Алексиевичтің "Соғыстың сұрқы әйелге жат", "Мырышқа айналған қыршындар" деректі хикаяттың аудармасы қалай жазылғандығы туралы әңгімелеп берді. Көзі тірісінде шығара алмай кеткен М.Хасеннің жаңа кітабының лентасын замандас қаламдастары қиды. Өмірге келген жаңа кітаптың оқырманы көп болғай деген тілектер айтылды.

Рухани танымдық кешті белгілі қаламгер, өлкетанушы, этнограф Төрехан Майбас жүргізді.

Шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын А. Бөкен, С. Жанысбай, С. Бексейіт, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі журналист С.С. Батырхан, Ақадыр кенті әкімінің орынбасары Қ.Қ. Бекхожин, Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің директоры Ж.Ж. Тұрсынова, "Жаңаарқа" аудандық газетінің редакторы С.А. Ералина және М.Хасеннің туған-туысқандары мен достары қатысты.

Сөз кезегін алған қонақтар Маркеңнің өмірбаяны, шығармашылық жолы, қаламгерлік қызметтің қыр-сыры жөнінде жан-жақты сөз қозғады.

"Телегей-теңіз білімі, ана тілімен қатар, орыс тілін де орыстың өзінен артық меңгерген Маркең әлем әдебиетінің жауһарларын қазақша сөйлетіп, оқырманына ұстатып кетті. Аудармашы, публицист қаламгердің қай шығармасы да тұнып тұрған сөз мәйегіне толы, жалықтырмай, аяғына дейін оқып шығуға асықтыратын асыл дүниелер болатын естеліктер айтылады" - деп сөз кезегін алған С.Батырхан еске алды. Теміртау қаласы, Шет, Ақадыр, Жаңаарқа аудандарынан келген замандастары, әріптестері М.Хасеннің шығармашылығы, өмірдегі басты ұстанымы жайында, өзара құрдас арасындағы болған әзілдерімен бөлісті.

Шараның тағы бір ерекшелігі – кітапханада кеш болады деп хабарландырудан естіп келген М.Хасеннің оқырмандары да Маркең жайлы, қаламгерлік шеберлігі жайлы ойларын ортаға салып, еңбектерін үзбей оқитынын, басқаларға да насихаттайтындарын айтты.

Сонымен бірге, Марал ағаға арнап жазған жергілікті ақындардың арнауларын Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері нақышына келтіре оқыды.

Ал, әлі де жарық көруді күтіп жатқан Марал Хасеннің қаламынан туған, аударылған шығармалар қаншама! Ендігі парыз сол мұраның баспа бетін, бүгінгі, кейінгі ұрпақтың игілігіне айналуына қызмет ету. Ол бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа қажет.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева