1998 жылы 20 қаңтарда "Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің № 3827 Жарлығы шықты. Қазақстандық патриотизм мен кәсiптiк мақтанышты, сондай-ақ жалпы адамзаттық ынтымақтастықты тәрбиелеу мақсатында қаулы етілген Жарлықта Қазақстандағы маңызды кәсіптердің мерекелері бекітілді. Сол Жарлыққа сәйкес, қыркүйек айының үшінші жексенбісі "Қазақстан халқы тілдерінің күні" болып бекітілді.

Тілдер мерекесі аясында, оқу залында "Тіл – татулық тірегі" атты кітап көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты: қазіргі таңда жарыққа шығып жатқан тұғырымыз тілге байланысты әдебиеттермен оқырмандарды таныстыру. Көрмеде ҚР Тіл туралы заңы, ҚР Конституциясынан бөлек қазақ тілі тарихы, мәдениеті, тіл философиясы, қазақ әдеби тілі туралы, тілдің қоғамдағы орны жайында және жалпы тіл біліміне қатысты кітаптар ұсынылған.

Бүгінде Қазақстанда ұлттық әліпбиді латын қарпіне көшіру үрдісі жүргізілуде. "Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады", - делінген Елбасының Жолдауында. Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге зейін қойып, қазіргі уақытта мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат етіп отыр. Қазіргі кездегі көкейкесті мәселенің бірі – латын әріпіне көшу болып тұрғандықтан, бұл тақырып мерзімді басылымдар бетінде кеңінен талқыланып жатыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында да "Латын әріпіне көшу" мәселесі қарастырылған. Осы мәселеге қатысты, "Қазақ әдебиеті" газетінің 2017 жылғы №33 санында филология ғылымдарының кандидаты Б. Қалиевтің "Қазақ пен Латын" атты мақаласы жарық көрді. Мақалада, Қазақ халқының XX ғасырда 20-30 жыл ішінде үш рет әліпби ауыстырғандығы және латын қарпіне көшуде не ұтамыз, неден ұтыламыз деген сұрақтар орын алған. Осы орайда, А. Байтұрсынұлы бастап белгілеп берген қазақ тіліне тән 28 дыбысты дұрыс таңбалап, оны оқуда қиындық туады ма, әлде 42 әріпті жаттаған оңайырақ па? Осындай сан түрлі сауалға жауап алғыларыңыз келсе, біздің кітапханаға келіңіздер.

Ана тілдің тарихын білу, тіл келешегіне алаңдау, оны құрмет тұту әрбір азаматтың парызы. "Тілі өлген ел – тірі өлген ел" - демекші, тіліміз ешқашан өшпесін, еліміз гүлденіп, егемендігіміз мәңгі болғай!

Серікжанова А., оқу залдары бөлімі