Кітапхана - киелі мәдениет ошағы. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді ұрпақ санасында қайта жаңғырту және насихаттау жолында облыс кітапханалары белсенді роль атқарып келеді.
12 – желтоқсан "Алашорда" күніне орай Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы арасында "Алаш" тақырыбында онлайн-конференция болып өтті.
Семей:
Семейлік әріптестер ұжымының жүргізушісі Зағия Төлеуғазықызы сөз бастап, конференцияға қатысушы зиялы қауым өкілдерін, студенттер мен кітапханашыларын таныстырып өтті. Алғашқы болып сөз алған белгілі алаштанушы Сейітжан Тәбәрікұлы қарт Семейдің тарихы мен мәдениетіне тоқтала отырып 1917 жылы Орынборда өткен Жалпы қазақтық съезі, "Алашорда" үкіметінің құрылуы, үкімет тізгінін Әлихан Бөкейханов басқарғандығы жайлы әңгімеледі. Ә.Бөкейханов пен Ж. Ақбаевтың Омскіде атқарған қызметтері, петиция ұйымына 16 мың адам қол қойып, Алашорда үкіметіне 42 адам мүше болғандығын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, С.Тәбәрікұлы Алаш арысы Мәннән Тұрғанбаев жайлы жазған "Қайда Мәннән?", "Алаштың Мәннәні" атты кітаптарымен таныстырды. М.Тұрғанбаевтың атына көше берілгенін айтып, оның қайраткерлігі жайлы баяндап берді.
ҚарМУ-дың белсенді магистранты: Мен "Алаш" жайлы ғылыми десертация қорғамақшы едім, Абай кітапханасына келсем бізде жоқ деректер табыла ма? - деген сұрағына қанағаттанарлықтай жауап алып, ғылыми ізденіспен Семейге баратын болды.
Қарағанды:
Қарағандылық онлайн конференцияға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен студенттерді, кітапханашыларды белгілі ақын Мирас Асан таныстырып, ҚарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызына сөз берді.
Н.А. Бейсенбекова "Алаш" арыстарының зерттелуі жайлы айта келіп, қасиетті Қарағанды топырағында туған Алаштың ақтангерлері, олардың өмірі мен қайраткерлігі жайлы толық айтып берді. "Алаш" арыстары жайлы жазған "Сарыарқаның ұлы азаматтары" атты кітабын таныстырып өтті. Қарағанды жерінде "Алаш" арыстарының қайраткерлік бейнелерінің насихатталуын айта келе, Семейде Алашордашылар туралы тың деректер бар ма? - деген сұрақ қойды. Семейлік әріптестер тарапынан Л.Қадірова 430 Алашордашыға қатысты барлық құжаттар мұражайда бар екендігін бекітіп айтты. С.Тәбәрікұлы М.Тұрғанбаев пен Ә. Ермековтің жақын дос болып, "Алаш" идеясы аясында бірге қызмет еткендігін жайында әңгімеледі. М.Тұрғанбаев туралы мәліметтер арқа жұртшылығы үшін тың жатқан мәселе, себебі М.Тұрғанбаев жайлы мәлімет жоқтың қасы деген ой түйілді.
ҚарМУ-дың тағы да бір магистрі Семей қаласын Алашорда астанасы ретінде сақтап қалу үшін қандай шаралар атқарылуда деген сұраққа, Абай кітапханасы қызметкерлері тұшымды жауап беріп, осы жолда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Осы тұста Н.А. Бейсенбекова Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды облыстық мәслихатының бірінші хатшысы Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің Мәскеу қаласындағы Дон зиратында жерленген жерлестеріміз, Алашорда көсемі Ә.Бөкейханов пен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Н.Нұрмақовтың басына ескерткіш тақта орнатып келгенін арнайы атап көрсетіп, ескерткіш тақтада Қ.Аманжоловтың:
Ей, тәкәппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен Қазақтың баласы!
- дейтін бір шумақ отты өлеңі жазылғанын айтты. Осы орайда ҚарМУ- дың магистрі Нұрбол - С.Торайғыровтың "Мен Қазақ" өлеңін жатқа оқып Семейліктерді бір серпілтіп тастады.
Онлайн-конференция соңында Абай кітапханасы ұжымы қарт Семейдің кешесі мен бүгіні жайлы видеотаспа ұсынды.
Өз кезегінде ақын М.Асан осындай Алашты жарқын болашаққа бастаған Ә.Бөкейхановтай алып тұлғаға, ұлт көсеміне осы кезге дейін Қазақстанда жөні дұрыс ескерткіш жоқ екендігін айтып, болашақта Алаш арыстарының өшпес тұлғаларын ұлт санасында қалыптастыру жолында бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.
Қазақ бүгін Кенесары ,
Денесі бар, басы жоқ – деген қазақтың адуынды ақыны С.Ақсұңқарұлының өлеңімен онлайн-конференцияға нүкте қойды.
Аталмыш онлай-конференция көпшіліктің көңілінен шығып, көкіректеріне сәулелі ой салғанына сеніміміз кәміл.
Жәлел Шалқаров