30 қазан күні Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «ZERDE» әдеби клубының аясында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сазгер, түрлі жыр мүшәйраларының жүлдегері Салтанат Қайырбектің шығармашылығына арналған «Поэзия жүрегіме бағалы...» атты кездесу кеші өтті.
Кештің мақсаты: рухани және интеллектуалдық дамытудың көзі ретінде кітапқа деген қызығушылықты ояту, кітап оқуды насихаттау. Отандық және әлем әдебиеттерін оқуға тарту, өсіп келе жатқан ұрпақтың әдеби талғамын арттырып, шығармашылығын дамыту.
2025 жылғы 16 қазанда Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Республика күні аясында көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығына арналған «Жыр сұңқары Жұмекен» атты әдеби-лирикалық сағат өтті.
Іс-шараға «Болашақ» Академиясының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Райхан Налжігітқызы Исмаилова, Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі мен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері, ҚР Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің сарбаздары, сондай-ақ «Қарақат» мектеп-студиясының домбырашылары қатысты.
2025 жылғы 8-9 қазан аралығында Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы дәстүрлі «Кітапхана – жетістіктер аумағы» атты ашық есік күндерін өткізді.
Іс-шараның мақсаты - кітапхана қызметін насихаттау, оқырмандарды кітапхана қорымен, сирек және құнды кітаптармен таныстыру, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, жастарды рухани-мәдени ортаға тарту.
Келушілерді қызықты әрі танымдық алаңдар күтті: Библио-микс, тақырыптық кітап көрмелері, шолулар, блиц-сауалнамалар, интеллектуалдық ойындар мен фотосессиялар ұйымдастырылды.
Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының абонемент бөлімінің қызметкерлері академик Қ.А. Сағынов атындағы колледж студенттеріне ұлы орыс ақыны С. А. Есениннің туғанына 130 жылдығына арналған «Всю душу выплещу в слова…» атты поэзиялық сағат өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар С. Есениннің көп қырлы поэзия әлемімен танысты. Ақын шығармаларында туған табиғаттың сұлулығы, халық жан дүниесінің тереңдігі мен адам сезімінің шынайылығы терең бейнеленгені атап өтілді. Кеш аясында «С.А. Есениннің өмірі мен шығармашылығы» атты бейне презентация көрсетіліп, ақынға арналған кітап көрмесімен танысу мүмкіндігі ұсынылды.
Студенттер ақынның танымал «Гой ты, Русь, моя родная», «Спит ковыль. Равнина дорогая», «Письмо женщине», «Я помню, любимая, помню», «Ты ушла и ко мне не вернешься», «Отговорила роща золотая», «Белая береза» сынды өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті.
Әдеби кешті ф.ғ.д., профессор, «Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының» директоры Жансая Жарылғапов жүргізді. Кешке аймақтың зиялы қауымы, ғалымдар, ақын-жазушылар, студент жастар мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Таныстырылымда «Абайдың аударма мектебі», «Даниял Ысқақов шығармалары», «Шейіт» атты құнды еңбектердің мазмұны мен маңызы кеңінен сөз болды. Бұған дейін Алматы мен Семей қалаларында оқырманға жол тартқан бұл еңбектер Сарыарқаның төрінде жалғасын тапты.
Шараның шымылдығын Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы ашып, әдебиет пен руханият жайлы ойымен бөлісті.
Кітаптардың мәнін автордың өзі – абайтанушы-ғалым, ф.ғ.к., «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері, «Алматы» телерадиокомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары Атығай Базарбек Қайырбекұлы жан-жақты таныстырды. Сондай-ақ ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек шығармашылық ой-пікірлерін ортаға салып, аталған еңбектердің жарыққа шығу барысы туралы әңгімеледі.
Кеш барысында «Абай әлемі: Халыққа, Уақытқа, Мәңгілікке» атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды. Жастар қауымы қаламгерлерге сұрақтар қойып, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты. Әдеби кешті мазмұнды ете түскен оқырмандардың әсерлі пікірлері мен сұрақ-жауап сәттері болды.