Бүгінгі күні қоғамның көкейкесті мәселелерінің бірі – нашақорлық. Көптеген құқық қорғау органдарының есірткі бизнесіне қарсы белсенді күрес жүргізгеніне қарамастан, Қазақстанда есірткіге тәуелділердің саны, әсіресе жастар арасында күн сайын өсіп барады.
Осыған орай, 2013 жылғы 7 қараша күні кітапханамызда "Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012–2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасы" аясында "Нашақорлық індеті - отбасы қатері. Наркомания стучится в каждый дом" атты дөңгелек үстел болып өтті.
Мақсаты – нашақорлық мәселесіне қоғамның назарын аудару, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың есірткіге елігуіне қарсы тұру үшін азаматтардың қолдауына ие болу, жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу шараларын айқындап беру.
Дөңгелек үстелге келген студент жастар мен арнайы шақырылған қонақтар аталмыш іс-шараны нашақорлық індеті жайлы видеотаспа көруден бастады. Алғашқы болып сөз алған Қарағанда қалалық ІІД полиция майоры К.А. Корниенко видеотаспадағы оқиғаны іліп әкетіп есірткінің түрлері мен атауларына тоқталды. Есірткіге қарсы жүргізіліп жатқан күрес жайлы, оның қай жақтан тасымалданып жатқанын айтып, жастарға "Есірткіден аулақ болыңдар, құдай сақтасын есірткі саудасымен ұсталып менің алдыма келіп жүрмеңдер" деп жиналған жастарды бір күлдіріп өтіп, есірткіге қарсы бірге күрес жүргізуді ұсынып кешті қыздыра түсті.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ Қазкенұлы мен Қарағанды және Шахтинск қалаларының әлеуметтік бөлімінің жетекшісі епархии әкей Владимир Кинзирявый өз сөздерінде денсаулық пен уақыт адамзатқа аманат етілген ,аманатқа қиянат қылу екі дүниеде де кешірілмейтін күнә екендігін айтты.
Қарағанды қаласының жастармен жұмыс жөніндегі орталығының директоры Б. Әлімжанов діни өкілдердің айтқандарын құптай келе, жастар еліміздің болашағыекенін сөзге тиек етіп, жастарды білімді, мықты әрі ауқатты болуға үндеді. Ешқандай есірткі атаулыға біздің қоғамда орын жоқ екенін кесіп айтып, жастарды рухани кемелділікке шақырды.
Ал ҚР ІІМ Академиясының қылмыстың алдын алу кафедрасының доценті, полиция полковнигі И.В. Кондратьев шыдамай орнынан тұрып кетіп жастармен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында сұрақ-жауапқа кірісіп кетті. Халықаралық бизнес академиясының студенттері де сұрақ-жауапты қуана қабылдап, белсене қатысып, осы мәселеге бей-жай еместіктерін көрсетті. Жиылған жастардың белсенділігі облыстық наркологиялық Диспансердің дәргер-наркологы Кәкімова Гүлнараны қызықтырып, әңгімеге тұтқиылдан кірісіп кетуіне түрткі болды. Г.Кәкімова да жастармен қызықты сұхбат жүргізіп, іс-тәжірибесінде нашақорлыққа салынған адамдармен көп кездесіп, олармен тығыз жұмыс жасап, дерттен айығуға көмектескенін айтыпжастардың санасын бір ширатып тастады. Бұл жолға бір кірген адамның болашағы бұлыңғыр болатынын айта келе нашақорлықтан алыс жүріп ,менің алдыма нашақор ретінде келуші болмаңдар деп жастарды бір шымшып өтті.
Әлем чемпионаты деңгейінде ҚР спорт тарихында алғаш төрешілік еткен жалғыз спортшы, Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиядалық резерв спорт мектебінің директорының орынбасары Ахметов Жандос Айқынұлын жиналған жас ұрпақ ерекше ықыласпен тыңдады. Ж. Ахметов нашақорлықтың адам денсаулығына зияны туралы айтып, оған үйір болмай салауатты өмір салтын ұстанған адам бақытты болады деді. С.Сәпиев, Г.Головкин сияқты атақты спортшылардан үлгі алу керек дей келе, "Дені саудың – жаны сау" деп қысқа қайырды.
Осы пікірді іліп әкеткен кештің қонағы СӨС орталығының дәрігері Әубәкірова Тынысхан Жорабекқызы жастарға ВИЧ, СПИД атты жаман аурулар туралы таратып айтып берді. Адамды толық тәуелділікке алып келіп, өміріне балта шабатын нашақорлықтан бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі болашағымызды қорғауға бірге ат салысайық деп, жиналған көпшіліктің осы кештен кереметтей ой түйіп кетулеріне түрткі болды.
Шараға келген студент жастарға, кеш қонақтарына "Наркопост" журналы, нашақорлықтан сақтануға шақыратын буклеттер мен ескертпелер таратылды.
Жиылған қауым пайдасы мол осы сынды кездесулер өз нәтижесін беріп, жастарымызды нашақорлық індетінен сақтап, отбасымыздың іргелі болуына түрткі болар деген оймен тарасты.