Кітапхана әр оқу жылының басында ашық есік күнін өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы жылы, 8 қазан күні өткен "Ашық есік" күніне қаламыздағы ірі жоғары оқу орындары: Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ-нің, ҚММУ-нің, ХБА-ның, Болашақ университетінің және КГТК-нің, ГТК-нің, гуманитарлық, өнер, медицина, банк, сән колледждері мен №38, 39, 45, 93 гимназияларының 700-дей студенттері мен оқушылары қатысты. Шара шеңберінде әртүрлі іс шаралар ұйымдастырылды. Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын насихаттау жұмыстары да жалғасын тапты. Кітапхананың кіре берісінде кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме, дауыстап оқулар, сауалнамалар жүргізілді. Сұрақ-жауап сайысы өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлық тапсырылды.
Бүгінгі жастардың ақын өлеңдерін білуі, әр кезеңде өз сырласын тапқан ақын шығармашылығының өміршеңдігін көрсетті. Біз болашақ ұрпақтың да Фариза өлеңдерінен рухани қуат алатынына сенеміз.