Құрметті оқырмандар!

Биыл  біздің жерлесіміз, қазақ бейнелеу өнеріне өз үлесін қосқан қылқалам шебері Әубәкір Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Әубәкір Ысмаилов 1913 жылдың 13 сәуірінде Қарағанды облысында дүниеге келген. 1928 жылдан Омбы қаласының М.В. Врубель атындағы көркемсурет –кәсіптік техникумында оқып білім алды. Талапты жас болашақ суретші Мәскеудің Вхутеин студиясының дайындық курсында оқыды, бірақ ауыр сырқаттанған ол оқуын үзіп Алматыға қайтады. Алматыда өзінің жақсы көріп, жаны сүйген ісі кескіндемеге бар ынта-жігерімен кіріседі. Сол кездерде суретші кескіндеме өнерімен айналыса жүріп, саяси карикатуралық суреттер салады. 1933 жылы Әубәкір Ысмайылов Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Оның көркем шығармалары республикалық және Одақтық көрмелерге қойыла бастайды. Суретшінің қазіргі таңға дейін көркемдік, мазмұндық мәнін жоймай келе жатқан негізгі шығармалары: «Қарағанды көмір шахтасы», «Құрманғазы халық ортасында», «Қамбар батыр мен Назым қыз», «Қараой даласы», «Көртоғай», «Сарысу жайлауы», «Маңғыстау жағалауы», «Хан тәңірі».

Қорыта айтқанда, халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың қазақ руханиятына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның өмірі мен шығармашылығы, азаматтық тұлғасы бүгінгі және келешек ұрпаққа өлмес өнеге. Осыған орай біздің кітапхананың өнер туралы әдебиеттер бөлімі сіздердің назарларыңызға қысқаша библиографиялық анықтама мен  кітап көрмесін ұсынып отыр. Егер де Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылығымен толығырақ танысқыларыңыз келсе біздің кітапхананың өнер туралы әдебиеттер бөліміне келіңіздер!