Мамырдың 4-5 жұлдыздарында Қарағанды гуманитарлық–техникалық және "Лингва" колледждерінің студенттері арасында Бір ел – бір кітап акциясы аясында Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығына арналған әңгіме өткізілді.
"Бір ел-бір кітап" акциясының ұйымдастырылу тарихына слайд арқылы шолу жасалынып, 2007-2012 жылдардағы таңдалынған жыл кітаптары мен авторлары жайлы ақпарат берілді. "Өлең, мен сені аялап өтем!" – деп сөз өнерін құрметтеп, оның құдіретіне табынып, ширек ғасырдан астам уақыт өмірі мен өнерін өлең-ғұмырға сыйғызған, әлі күнге қазақстандық поэзияның дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, "Тұмар" республикалық-көркем журналының бас редакторы, белгілі ақын, Қазақстан халқына жаппай оқуға ұсынылған "Дауа" жыл кітабының авторы Фариза Оңғарсынова жайлы өрбіген әңгімені жастар қызығушылықпен тыңдады. Өлең атты өнерден құр қалмаған өрендер ақын жырларын мәнерлеп оқыды. Әңгіме барысында туындаған сауалдарын ортаға салған жастар естіген-білгендерін тобықтай түйіндеп, алған әсерлерімен бөлісті.