2013 жылғы наурыз айының басында кітапханадағы Американдық бұрыш 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні мен АҚШ-тағы әйелдер тарихы айына арналған "Қазақстанның қазіргі әйелдері" атты фото байқау жариялаған болатын. Міне, осыған орай 3 сәуір күні фотокөрменің тұсаукесер рәсімі өтті.
Көрменің мақсаты – қоғамдағы әйелдің рөлін көрсету. Ел анасы деңгейіне көтеріле алатын асыл жанның даналығын, сұлулығын, ажарын сиқырлы суреттер арқылы ашу.
Аталмыш байқауға 20-ға жуық автор қатысып, 40-қа жуық еңбек көрермен көзайымы болды. Көрмеге ұсынылған фотосуреттер арқылы қоғамдағы әйелдің сүйікті жар, аяулы ана болуымен қатар, қызметтегі серіктес, еңбекқор адам бейнесін аңғарасың. Әр суреттің өзіндік тарихы мен сыры бар, өзіндік маңызы ерекше.
Ұсынылған еңбектерді талқыға салып, әділ бағалап ҚР-дағы АҚШ Елшілігіне жіберу үшін әділқазы мүшелері тағайындалған болатын. Ал таңдалған еңбектер Астана қаласында фотокөрмеге қойылады.
Көрменің ашылуына келген қонақтар Қазақстан қыздарын бейнелейтін сиқырлы суреттерді тамашалаудың өзі бір ғанибет екенін айтып, алғыстарын білдірді. Бұл фотокөрмені тамашалау мүмкіндігі сәуір айының соңына дейін жалғасады.