Өткен 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында "Қазақстан-2050" атты ел өмірі үшін айырықша маңызға ие жаңа Стратегия жариялады.

Басты мақсат – ХХІ ғасырда қазақ елінің орнықты дамуын жалғастыру, осы ғасыр ортасында әлемдегі ең да­мыған 30 елдің санатына қосылу. "Мақ­сат – жетістіктің желкені" дейді хал­қымыз. Президент ұсынған "Қазақ­стан-2050" Стратегиясы біздің болашақ табыстарымыздың, үс­ті­міздегі ғасыр­дың ұзақ жолының бағдары, жолбасшысы болмақ.

Жолдауды насихаттау бағдарламасы аясында  13 наурызда  Қарағанды "Болашақ" университетінде "Жаңа Жолдау. Жаңа Стратегия. Жаңа мақсаттар мен міндеттер" атты ақпараттық сағат өткізілді. Шараға тарих ғылымдарының  кандидаты, доцент Адамбеков Ермек Көпбайұлы, педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Диянова Рахат Төлеубайқызымен ҚОФ "Әділет" демократиялық партиясының координаторы Түркенов Талғат Қуанышұлы қатысты.

Әр жылғы Жолдаудың – өз жаңалығы бар. Дегенмен, биылғы Үндеу тәуелсіздіктің үшінші онжылдық дамуының  негізгі он ұстанымын айқындап берді.

Кездесуге қатысушылардың айтқанындай, күн тәртібіндегі негізгі мәселеге Елбасы  ең алдымен халықтың барынша байқуатты өмір сүруін көздейтін бағыттар мен экономиканың қуатын еселейтін, ал жастарға білім беру үдерісіне оқытудың заманауи әдістемелері мен технологияларын ұдайы енгізіп отыру міндеттерін қойды. Осы орайда "Назарбаев Университетінде", бірқатар зияткерлік мектептерде іске қосылған халықаралық стандарттар үлгіге ұсынылып отыр.

Сондықтан жас буынды ел өміріне етене араластыру, оларға мейлінше жағдай жасау жаңа стратегиядан айрықша орын тапты.