Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Н.Назарбаев

"Қазақстан-2050" Стратегиясынан

Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының абонемент бөлімі 5 наурыз күні № 41 Жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі және әдебиет мұғалімдеріне "Қазақ тілі – ертеңім, болашағым" атты ақпараттық сағат өткізді.

Ақпараттық сағаттың мақсаты: ұстаздарға кітапхана тарапынан ұйымдастырылып отырған "Кітапхана – Ұстазға" қызметінің негізгі бағыттарымен қоса, кітапхана қорындағы қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне мемлекеттік білім стандарттарының талаптарына сай құрастырылған әдістемелік кітаптармен таныстыру. 

Ақпараттық сағат барысында ұстаздардың назарына "Фолиант" баспасынан жарық көрген Т.Мейірманқұлованың "Қазақ тілін оқыту әдістемесі", А.Сатыбаеваның "Қазақ тілін оқыту әдістемесі", С.Тұрсынғалиеваның "Қазақ тілінен жазба жұмыстар" мен "Сардар" баспасынан жарық көрген "Әдістеме әлемінде" және т.б. кітаптар ұсынылды. Оқу залы бөлімінің кітапханашысы, "Қазақша сөйлесейік" клубының ұйымдастырушысы әрі жетекшісі Бахыт Қазалиқызы қазақ тілін  үйретудегі жаңа әдістемелермен таныстырып, клубтың алдағы жоспарынан хабардар етті.