Облыстық кітапханада ақпан айының 28 жұлдызында қаламыздағы "Бірінші Қарағанды" телеарнасы мен кітапханамыздағы "Жыр-Жауһар" поэзия клубы бірлесе ұйымдастырған "Қазақ газетіне – 100 жыл" атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары ретінде этнограф-жазушы Төрехан Майбас, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің оқытушысы, доцент Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы және "Қасым.кz" сайтының редакторы Дулат Аманжол шақырылды. Ұйымдастырылып отырған бұл шараның мақсаты - тағылымды тарих беттерінен сыр шерте отырып, Алаш арыстарының сол замандағы ерен еңбектерін дөңгелек үстелге қатысушы жас ұрпақтың санасына сіңіру болатын.
Кез келген әдебиет бір күннің төңірегінде өрбитін немесе белгілі бір тарихи кезеңнің оқиғасын баяндайтын тар ұғымды дүние емес. Мәдениеті бай елдердің әдебиеті де қаз тұрып, қалыптасқанша қоғамның дамуы секілді толып жатқан өзгерістерді қорытындылай келіп, алдымен өз халқының, кейін жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналады. "Қазақ" газеті де 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым болды. Алғашқы номері 1913 жылы 2 ақпанда жарық көрген газет рәміздік белгі ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл - қазақ ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне "Қазақ" деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары "қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, "Қазақ" газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын" деп жазған еді.
Осындай тың деректермен кештің шымылдығын ашқан дөңгелек үстелдің жүргізушісі, республикалық "Қасым" журналының қызметкері, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Мирас Асан ең алғашқы сөздің кезегін белгілі этнограф-жазушы Төрехан Майбас ағамызға берді. ХХ ғасыр басында алаш зиялыларын маңына топтастырып, бүкіл халықтың жоқшысы, жанашыры бола білген басылымның бірі – "Қазақ" газеті болғанын баса айтқан ағамыз, оның дүниеге келу тарихына, ұлтты ұйқысынан оятқан сол басылымның басы-қасында жүрген А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақбаев, С.Торайғыров, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы сынды Алаш азаматтарының халық үшін жасаған қарымды қызметіне жекелей тоқталып өтті.
Ағамыздың сүбелі сөзін жалғастырған тарихшы-ғалым Нұрсахан Ахметқызы бүгінде мұндай ұлтшыл азаматтардың аздығын, қазақ баспасөзі сапасының төмендеп бара жатқанын тілге тиек етіп, ортаға ұлттық рух пен сананы оятатын орынды ойлар тастады.
Шынайы тарихы жазылмаған елдің болашағы да күмәнді. Ал шыншыл тарихтың іргетасы, бойына тараған қаны, соққан жүрегі – ұрпаққа бұрмаланбай, сол күйінде жеткен тарихи фактілер. Осы пікірді алға тартқан "Қасым.кz" сайтының редакторы Дулат Аманжол бүгінгі заман талабы болып отырған Интернет желісі мен баспасөз қызметінің ерекшеліктеріне салыстыра тоқталып, қазіргі қазақ журналистикасының деңгейін саралады.
Дөңгелек үстелге қатысып отырған студенттер өз кезегінде кеш қонақтарына көкейінде жүрген ұлт тағдыры, ел болашағына қатысты сұрақтарын қойып, тындырымды жауап алды.
Тарихымызды білмей, болашаққа қадам баса алмайтынымыз белгілі. Олай болса, ел ертеңі болған жастар үшін аталмыш кештің тәрбиелік мәні өте зор болды. Әр жастың жүрегіндегі ұлттық рухты оята білген бұл дөңгелек үстелден бар қатысушы ел деп елжіреген ерекше сезіммен тарқасты.