2013 жылдың 20 ақпан күні облыстық Н. В. Гоголь атындағы кітапханасында "Өнер шыңында шындалғандар" деген атпен Қазақстанның мәдениет саласындағы 2013 жылдағы мерейтойлық атаулы күндерге арналған кездесу кеші өтті.
"Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша қазақтың белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері композитор М.Төлебаевтың, актер Қ. Қуанышбаевтың, әнші Ә.Қашаубаевтың, режиссер Ә. Оразбековтың және қаламыздағы Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 75 жылдық, музыкалық комедия театрының 40 жылдық, бейнелеу өнері мұражайының 25 жылдық мерейтойларын атап өтуді жоспарға алған болатынбыз.
Кешімізге бейнелеу өнері мұражайының директоры Құдабаева Бибігүл Сағынтайқызы, Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің директоры Мағауия Мереке қатысып, өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актрисасы "Құрмет" орденінің иегері Нұржібек Жансүгірова мерейтой иесі актер, режиссер Әлімбек Оразбековтің шығармашылығы мен атқарған толымды істері туралы жастарға әңгімелеп, сұрақтарына жауап берді.
Қазақстандағы теңдесі жоқ музыкалық комедия театрының тарихы, репертуары, актерлері жайлы әдеби бөлімінің меңгерушісі Н.И. Морозова әңгіме өрбітті. Қарағандының өнері мен мәдениетіне үлкен қызығушылық пен жанашырлық танытатын әрбір көрермен осы күні көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Қаламыздағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің шәкірттері және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері осы кеште қазақтың дәстүрлі әндерін орындап, жиналған қауымды серпітіп отырды.
Кеш барысында жиналған қауымның назарына осы шараның өтуіне мұрындық болып отырған мерейтой иегерлерінің шығармалары мен шығармашылық ұжымдардың тарихына байланысты қордағы әдебиеттерге шолу ұсынылып, фото-слайдтар көрсетілді. Сондай-ақ осы күні "Өнер шыңында шыңдалғандар" атты кітап көрмесімен қатар, бейнелеу өнері мұражай қорынан арнайы көрме ұйымдастырылды.