[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/duel is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында 17 ақпан күні "Ағалар толқыны" атты поэтикалық жекпе-жек болып өтті. "От шайнап, шоқ бүркіген" адуынды ақындардың арасында өткен бұл жекпе-жектің мақсаты – өнер әлеміне жаңа қадам басып келе жатқан, клубтың жас қаламгерлерін жалынды жырмен сусындата отырып, оларды өлеңді мәнерлеп оқу мен сахна мәдениетіне баулу болатын.
Кеште "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері – халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, "Соңғы раушан", "Бекзат" жыр жинақтарының авторы, ақын Мирас Асан мен республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, арқалы ақын Рауан Қабидолдин өлеңмен өрнек өріп, жырдан жауһар төкті.
О, Муза!
Нәп-нәзік менің бөлшегім,
Әлемді сенің қасиетіңмен өлшедім.
Жап-жарық болып кетті әне менің айналам,
Ол сенсің, Муза, жарқ еткен нұрың ол сенің!
– деп, жалындаған жолдарымен поэтикалық кездесуді бастаған Рауанның өлеңін сахнадағы қарсыласы Мирас:
Өзің-ақ айтшы, ақылдым кәні,
Адамзат солай тани ма?
Муза дер мұңды ақынның бәрі,
Менің есімім – Дариға
- деген әсерлі шумақтармен жалғады. Әр тақырыпты қамтыған өлеңдер махаббаттан басталып, парасатпен аяқталып жатты.
Осылайша өріс алған поэтикалық жекпе-жектің келесі жұбы ретінде сахна төріне айтыс өнерінің майталманы, адуынды ақын Ерқанат Кеңесбек пен әртүрлі республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, жақында ғана облыстық Ж.Тәшенов атындағы жыр додасында "Жыл ақыны" атанған, жігерлі жас ақын Ерболат Қуатбек шықты. "Жүректен шыққан жыр жүрекке жетеді" демей ме? Қос ақынның қаламынан қанат қаққан өлеңдері жиналған жас қаламгерлердің жүрегіне жол тауып жатты. Олар өлең жолдарын ақындармен қосыла жатқа оқып, дарын иелерін одан әрі арқаландыра түсті.
Кешке арнайы шақырылған әнші-сазгер Амангелді Ахметжанов ақын Мирас Асанның сөзіне жазылған "Естелік" және Рауан Қабидолдиннің өлеңіне жазылған "Дариға-ай, көктем еді!" атты авторлық әндерін орындап, кешті әсем әуенмен әрледі.
{gallery}material/news/duel{/gallery}
Поэтикалық жекпе-жек аяқталған соң, "Жыр-Жауһардың" жас қаламгерлері өздерінің жүрекжарды туындыларын оқып, кеш ары қарай жалғасын тапты.
Жырмен сусындап, әннен әдемі әсер алған жастар мұндай поэтикалық жекпе-жектің дәстүрлі түрде өтуін сұрап, ортаға ұсыныс тастады.
Біреулермен жалғастырып жең ұшын,
Жасап жүрсем жаным сүймес келісім,
Барлығы да,
Поэзия, сен үшін!
Мәзір етіп мәпелеген жемісін,
Мәуелесе баққа толып өрісім,
Барлығы да,
Поэзия, сен үшін!
– деп қазақтың маңдайына біткен жұлдызы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, поэзия үшін, өлеңнің қадірін түсінер жастар үшін ұйымдастырылған кеш өз деңгейінде өтіп, әр жүректе әдемі әсер қалдырды.