Өмірге келген әр жаңа мемлекеттің өз "іңгәсі" бар. Ол – көтерген туы мен елтаңбасы, асқақтата әуелеткен әнұраны. Ту, елтаңба ел байлығын, тәуелсіздікті, адамдардың іс-әрекеттерін, экономикалық өмірді, қалалар мен мемлекеттердің тарихи ерлік беттерін бейнелеген. Әрбір елде өзінің көп ғасырлық тарихымен байланысты рәміздерінің міндетті түрде болуы XX ғасырда дәстүрге айналды.

1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасы үшін ең елеулі күн болып табылады. Осы күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны" туралы заңға қол қойды. Биыл осы заңнын қабылданғанына 20 жыл толады.

 

Осыған орай, 3 мамыр күні, Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК-да "Мемлекеттік рәміздер - халықтың мақтанышы, елдің мәртебесі" атты патриоттық тәрбие сабағы өткізілді.Бұл кездесудің негізгі мақсаты – бүгінгі ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру, патриоттық сезімдерді қалыптастыру, сонымен қатар өз елінің рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу болып табылады.Кездесуге келген қонақтардың назарына "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері" атты кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, ғаламтор қорларының тұсаукесері ұйымдастырылып, викторина өткізілді.Кездесу соңында осы іс шараға жиналған қонақтар: МБА колледжінің, Тәттімбет атындағы колледждің және Букетов атындағы № 52 орта мектептің оқушылары еліміздің Мемлекеттік әнұранын шырқады.