2012 жылдың 26 сәуір күні кітапханада "Жергілікті басылым және авторлық құқық" атты жергілікті ақын-жазушыларымен, қаламгерлермен дөңгелек үстел өтті.Дөңгелек үстелдің мақсаты: Кiтапханалардың электрондық орта қызметінде туындайтын авторлық құқықты дұрыс сақтаудың ортақ шешімін бірлесе анықтау, авторларға – интеллектуалды жекеменшік жасаушыларына кітапхана қызметінде әдеби және басқа мәтіндерді көшіруде, сканерлеуде және электронды кітапхана жасауда құқық негіздерін сақтауды түсіндіру.

Бұл шараға - ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының электрондық ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі З.Ж. Әмірханова, Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің жетекші маманы Ж. Қосағұлов, Қарағанды облысы әкімінің аппараты Әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінің бас маманы, ақын С.Қ. Бексейіт, ақын А.Бөкен, жазушылар: Қ. Жойқынбектегі, Ө. Кәріпұлы, Т.Әлжантегі, қаламгерлер С. Жанысбай, М.Хасен, А.Ж.Жанғожин, т.ғ.к доценті Қ. С. Өскенбаев, Долинка саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының директоры, тарихшы Т.Т.Аршабеков қатысты.

 

Шараны кітапхана директоры Д.Б.Аманжолова ашып, бүгінгі таңдағы қоғамдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі, кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуі жайында тоқталып, ақпараттық қоғам құру – электронды ақпараттық ресурстарсыз мүмкін емес екенін айтып өтті."Құжаттарды сандық жүйеге көшіру қызметінде жаңа технологияны пайдалану" туралы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының электрондық ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі З.Ж. Әмірханова, сирек кездесетін өлкетанулық қордың бір уақытта Интернет жүйесі арқылы кең көлемде қолдануға мүмкіндік беруін қамтамасыз ететін "Сарыарқа" электронды кітапханасы туралы өлкетану бөлімінің цифрлау жөніндегі аға кеңесшісі Г.Ө.Мұхаметжанова, өлкетанулық құжаттарды қалыптастырудағы мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы каталог жасау секторының меңгерушісі Г.С.Мұхамбетчина жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен бірге жергілікті авторларымызға өздерін толғантқан авторлық құқыққа байланысты сұрақтарына маман кеңесі берілді. Шара барысында жергілікті ақын-жазушылар әдеби туындыларын кітапханаға пайдалану құқығын беру туралы екіжақты келісімшарт жасасып, кітапханада "Кітапханаға сыйлаған өлкетанулық кітап - оқырмандарға баға жетпес сыйлық" атты акция аясында өздерінің кітаптарын кітапханаға сыйға тартты.