2012 жылы АҚШ-ның мемлекеттік департаменті мен Халықаралық зерттеу мен алмасу бойынша Кеңесі (IREX) «Орта мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту шеберлігін жетілдіру» (Teaching Excellence and Achievement Program (TEA)) атты бағдарламасының басталуын жария еткен болатын.
Осыған орай, 2013 жылдың 17 қаңтар күні Н.В. Гоголь атындағы білім ордасында Қарағанды қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің директор орынбасары әрі TEA бағдарламасының түлегі Г.Э. Жүкенова осы бағдарлама бойынша арнайы насихаттау презентациясын өткізді.
Елбасының «Қазақстан-2050 - Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қоғам дамуының басты қағидаты білімділік деңгейімен анықталатын ұлттық басекеге қабілеттік екені айтылды. Дәл осы мақсаттан туындап отырған міндет – шет елде білім алып, кәсіби біліктілікті арттыру бағдарламасын насихаттап, ақпарат тарату болып табылады.
Кездесу барысында Г.Э. Жүкенова ТЕА бағдарламасының барлық талаптары мен шарттарын атап, осы байқауға қатысуға шақырды. Презентация арқылы барынша кең көлемде бағдарламаны насихаттап, қызығушылық танытып, сұрақ қойған қауымға мәнді де мағыналы жауап берді.
Осы күні АҚШ мемлекетінде білім алып, біліктіліктерін арттыруға үміттенген жиырмадан астам орта мектеп мұғалімдер қауымы кітапханаға жиналды. Өкінішке орай, ауа-райының келеңсіздігінен облысымыздың серіктес қалаларының ұстаздары кездесуге қатыса алмады.
Сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп, өскелең ұрпақ санасына тіршіліктің тәлімді тағылымын ұялатқан ұстаздарымызға сәттілік тілейміз!