Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 90-жылдық мерейтойы аясында 17 сәуір күні оқу залдары бөлімінде «Менің өмірімдегі кітапхана» атты кезекті екінші кездесу кеші өтті.

Іс-шараның мақсаты - облыс тұрғындарын, ең алдымен, кітапхананың оқырмандары мен серіктестерін мерейтойды өткізуге ат салысуға шақыру. Кітапхананың ақпараттық, білім беру және мәдени-демалыс мекемесі ретінде беделін арттыру.

Кездесу кешіне Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, кітапхананың тұрақты оқырманы Қ.М. Дарданбаев, отбасылық оқырмандар Ж.З. Бекжігітов, Ғ.Т. Кенжетаева, «Шеберлер клубының» мүшесі, «Kenjol» «Қоғамның инновациялық даму Альянсы» ҮЕҰ төрағасының орынбасары Д.К. Ержанова, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының белсенді мүшесі, «Орталық Қазақстан» газетінің журналисті, өлең өлкесінде өзіндік өрнек салып келе жатқан қаламы қарымды, қазақ әдебиетіне алтын қазық болып қағылған ақындардың бірі  Е. Кеңесбекұлы, Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-нің 2 курс студенті А.Б. Гайнулин, кітапхананың жас оқырманы А.Н. Тоқашев және «Жас өлкетанушы» үйірмесінің мүшелері А. Исакова және А. Оспанова қатысты.

Кітапхананың жанашыр досы Ерқанат Кеңесбекұлы шалқар шабытымен, бойындағы дарынымен, шығармашылық орталық жайлы қарымды ойларын айтып, мерекелік кешке ән шашуын арнады. 10 жылдық тарихы бар «Шеберлер клубының» мүшесі Дия Кушкеновна кітапхана туралы және клуб жұмысы жайлы естеліктерімен бөлісіп, жастарды кітап оқуға шақырды.

Сонымен қатар: «Кітапхана Сіз үшін нені білдіреді?», «Болашақ кітапхананы Сіз қалай елестетесіз?» деген сұрақтарына жауап беріп, кітапханашыларға жылы лебіздерін білдірді.

Қарағанды Гуманитарлық колледжінің студенттері Алуа Қанатқызы мен Нұрпейіс Арай «Алғыс» және «Жақсы адамдарым» ән-шашуларын арнаса, кеш қонағы Абылайхан «Қарағанды вальсі» мен «Ақ сәулем» әндерін орындады .

Кездесу соңында қонақтарға «Тарихы тағылымды 90 жыл» кітап көрме-инсталляциясы ұсынылды.