6-7 қазан күндері Қарағандыда «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты Республикалық дәстүрлі ХІІ Қасым Аманжолов оқулары салтанат құрды. Қасым ақынның 100 жылдық мерейтойынан бастау алған бұл шара, жыл сайын Қарағанды шаһарында дауылпаз ақын жайлы сыр шертіп, ақын әлеміне, өлең атты құдіретті мұхитқа сапар шегіп келеді.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстықәмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастырып келе жатқан бұл жоба - жастардың бойындағы патриоттық сезімді нығайтып, жаңа есімдерді анықтайды, оларды жұртшылыққа таныстырады.

Дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары ақынның өлеңдерін жатқа оқу, әндерін орындау, жыр мүшәйрасы сияқты аталым бойынша өткізіліп келді. Ал, биылғы ХІІ Қасым Аманжолов оқуларында 18 бен 28 жас аралығындағы жастар ақынның поэмаларын оқудан сайысқа түсті.

Екі кезеңнен тұратын байқаудың 1 кезеңінде Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау, Қостанай және Қарағанды өңірлерінен 32 үміткер «Қасым Аманжолов – эпик ақын» тақырыбында эссе жазып, бақ сынасты. Үздік деп танылған 10 қатысушы ақтық сынға жолдама алып, ақынның поэмаларын жатқа оқыды.

Қасым оқуларында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы, жазушы Серік Сағынтайазылар алқасының төрағасы), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы (Алматы қ.), Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жанғазыұлы Жарылғапов қазылық жасады.

6 қазан күні игі шара Қасым Аманжолов көшесінің төріне қойылған жыр сүйер қауымның ақын рухына тәу етер жеріне айналған Қасым  ескерткіші алдында тағзым ету рәсімінен басталды. Бұл салтанаттың тізгінін ұстаған Арқаның азулы ақыны  Руслан Нұрбай өзінің жалынды жырын оқып, жиылған қауымды дүр сілкіндірді. Алматы қаласынан келген қонағымыз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

Ескерткіш алдында Қасымның орыс, өзбек, қырғыз, әзербайжан тілдеріне аударылған өлеңдері, ақындардың арнаулары оқылды.

Осыдан кейін поэзия байқауының қатысушылары мен құрметті қонақтары «Қасым үйіне» барды. Бұл шығармашылық орталықта орналасқан Қасым Аманжолов мұражайымен танысып, өз бойларына жігер - рух алып қайтты.

Қатысушыларды Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жас ақын Бекарыс Оспановтың арнау өлеңімен қазақ дәстүрі бойынша шашумен қарсы алды. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шыққан кіл мықтылар кітапханада өзара бақ сынасты.

Байқауда Қасымның «Ақын өлімі туралы аңыз», «Сырттан», «Құпия қыз», «Жамбыл тойында», «Боран» т.б. поэмалары оқылды.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы: С.Телпекбаева