2021 жылдың 6 сәуір күні "Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылым кітапханасы" КММ Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен танымал журналист, публицист, аудармашы Марал Хасеннің шығармашылығына арналған "Қаламгер мұрасы" атты 7 томдық таңдамалы шығармалар жинағының таныстырылымы өтті. Шара онлайн форматта ZOOM  платформасында ұйымдастырылды.

Марал Хасен еліне, жеріне еңбегі сіңген, ойы терең, тілі бай журналист, публицист, әзіл-сықақтың майталманы, өзінің тілін құрметтеп, өзгенің тілін шебер меңгеріп, қазақтың көркем сөзін басқаларға таныта білген аудармашы, есімі көпшілік оқырман қауымға кеңінен танымал. Өткір ойлы, биік парасат-пайымды, терең зейін-зерделі, шын жүректен туындаған еңбектері халықтың қарапайым, ұғынықты тілімен жазылғандықтан әркез оқырман жүрегіне жол тапқан.

Шараның мақсаты: Марал Хасеннің шығармашылығы туралы мағлұмат беру. Ақын туындыларын жан-жақты дәріптеу. Жаңа кітаппен танысу.

Марал Хасеннің көп томдық таңдамалы еңбектерінің жарық шығуына орасан еңбек еткен М.Хасеннің жары Рымбала Смайылова. Жазғандары мен аударған дүниелерін тірнектеп жинап, теріп баспаға тапсырып, өз қаражатына жарыққа шығарды.

Шараның басты қонағы болған Рымбала Смайылова көп томдық таңдамалы еңбектерінің қалай жазылғандығы туралы әңгімелеп берді. М.Хасеннің жаңа кітабының лентасын замандас қаламдастары қиды. Өмірге келген жаңа кітаптың оқырманы көп болғай деген ниеттер айтылды.

Рухани танымдық кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы филиалының төрағасы, республикалық "Қасым" журналының Бас редакторы Серік Сағынтай жүргізді.

Шарада сөз кезегін алған Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан белгілі қаламгерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі С.Ж.Жанысбай, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, еңбек ардагері А.Ж.Жанғожин, Ақадыр кентінен Қ.Қ.Бекхожин, Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің директоры Ж.Ж.Тұрсынова, "Орталық Қазақстан" газетінің экономика бөлімінің меңгерушісі Қ.А.Айтжан, "Жаңаарқа" аудандық газетінің редакторы С.А.Ералина, "Шет шұғыласы" газетінің редакторы М.Д.Сәдуақасов, белгілі ғалымдар Қ.Д.Асанов, Ж.Ж.Жарылғапов, еңбек ардагері Е.Ж.Жәнібеков, Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы музейінің қор сақтаушысы Г.У.Жанкелдина, Оразалы Жұмабеков атындағы орта мектептің директоры Р.С.Рақымов, магистрант, А.Байтұрсынов атындағы №41 мектептің ұстазы Т.Сейітжанова, "Арқа ақшамы" газетінің редакторы А.Қалжанов, журналист Т.Төлеубай, М.Жәпек, Р.Алдашева, өнертанушы С.Оспанов Марал Хасеннің өмірбаяны, шығармашылық жолы, қаламгерлік қызметтің қыр-сыры жөнінде жан-жақты сөз қозғады. Әлем әдебиетінің жауһарларын қазақша сөйлетіп, оқырманына ұстатып кеткен аудармашы жайлы естеліктер айтылды.

Сонымен бірге өнертану ғылымдарының магистрі, ұстаз С.А.Мұхамеджанов пен Шет аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Ж.Сезімханның орындауындағы әндер онлайн қатысып отырған оқырмандар ризашылығына ие болды.

Оқырман назарына М.Хасеннің шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұсынылды. Ендігі парыз сол мұраны, бүгінгі, кейінгі ұрпақтың игілігіне айналуына қызмет ету. Ол бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа қажет.

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева