Наурыз - көне мейрам. Қазақ халқында Ұлыс күні - жыл басы. Жер–Ана бусанып, көктемнің лебі білінетін мезгіл әрқашан қасиетті де киелі саналған Осы күнді «Жаңа жылдың басы, жаңа өмірдің бастауы» деп тану халық даналығы деуге лайық.

Бүгінде Наурыз мерекесі – жай ғана жыл басы немесе мерекелік рәсім емес, Азаттығымыздың рухани айғағы. Халқымызды рухынан ажыратпайтын, жігеріне жігер, салтанатына салтанат үстейтін мереке.

Ұлы мерекеміздің мемлекеттік мәртебе алып, ресми мерекелене басталғанына да 30 жыл болыпты. Бұл - Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығымен тұспа – тұс келетін  мереке, барша қазақстандықтар үшін  ортақ қуаныш. Осыған орай кітапханамызда «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде Наурыз мейрамына қатысты танымдық материалдар, ұлттық салт-дәстүр, әдет–ғұрып, қолөнер бұйымдары жайлы ақпарат беретін әдебиеттер топтастырылған. Тұңғыш Президент Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел. Ғасырға бергісіз жылдар» кітабы мен «Қазақстан», «Менің Қазақстаным» атты энциклопедиялар басты назарда. Әз Наурыздың тарихынан сыр шертетін әрі осы мерекені тойлаудың маңызы мен қыр-сырын әңгімелейтін М. Жанболатұлының «Наурызнама», С. Ерғалидың «Нау мен ырыс» атты шығармаларымен таныса аласыздар. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдетғұрыптары: біртұтастығы және ерекшелігі», халқымыздың дүние танымы, сенімі, сезімі, адамгершілік болмысының негізін, саралайтын Ж. Кейкіннің «Қазақы атаулар мен байламдар» атты туындылар қара сөзді қастерлейтінәрбір қазақтың жүрегінен орын алары сөзсіз.

Қазақтың бауырмалдық, қонақжайлылық, сыйластық мінез - құлықтарын көрсететін әрі атадан балаға жалғасқан мәңгілік өміршеңдігін насихаттайтын «Қош келдің, Наурыз!» Г. Ерахметтің «Наурыз айы туғанда» атты еңбектері көрме мазмұнын толықтыра түседі. Ш. Байділдәұлының «Қазақтың ою–өрнектері»  альбомынан ұлт өнерінің терең дәстүрлері негізінде жасалған ою-өрнектердің озық үлгілерімен таныса аласыздар.   

Сонымен қатар, «Мерейлі мекен» журналының 2020 жылғы №35 санында жарық көрген Ж. Ароновтың «Наурыз мерекесі, көрісу күні: Қазыбек Наурызын білеміз бе?», атты мақаласы, «Дәстүр» журналының 2020 жылғы №2 санында жарық көрген У. Қыдырқанұлының «Наурыз – табиғат таразысы теңелген дәлдік сәті» мақалалары тіршілік бусанып, тамырына нәр енген Наурыздың жеті сипатын атап көрсететін танымдық еңбек. 2020 жылғы №2 «Қазақ өркениеті» журналындағы М. Қожаның «Қазақтың наурызына қатысты тарихи деректер» мақаласы шығыс елдерінде тойланатын наурыз мерекесінің пайда болу тарихын ғылыми деректерге сүйене отырып сипаттайды. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетіндегі Қ. Өтебайдың «Жылдың басы Һәм жасы» мақаласы көне мәдениетіміз, бұрынғы Жыл басы мен оның тарихи жасы һақында сыр толғайды..

Құрметті оқырман, Көнеден келе жатқан мереке Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз құтты болсын! Наурыз оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын!

Наурыз мерекесінің сән–салтанаты жайлы білгіңіз келсе, оқу залындағы кітап көрмесімен танысыңыз!

Кітапханашы Айтбаева К.Т.