Бар игілігіміздің бастауы, байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн – ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік мерекесі – еліміздің әрбір азаматының кеудесіне қуаныш ұялататын, мақтаныш сезімін тудыратын ұлы мейрам.

6-желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында "Мақтанышым – Тәуелсіз Қазақстан" поэтикалық сайысы өтті.Сайыстың мақсаты – жастарымыздың Тәуелсіз еліміздің тарихы мен мәдениетін, Отан, туған жер, өскен елдің қадір-қасиетін ұғынуына ықпал ету, рухани адамгершілікті дәріптеп, қазақстандық азаматтық пен патриоттықты қалыптастыру, Алаштың атын аспандатқан қазақтың ақын – жазушыларының шығармашылығын дәріптеу, жастарды кітап оқуға баулу, талантты жастардың талаптарына қолдау көрсету.

Сайыста Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің "Шабыт", Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университетінің "Сөз патшасы", Қарағанды Экономикалық университетінің "Руханият", Қарағанды гуманитарлық колледжінің "Құрбылар" клубтары жыр додасына түсті.

Жас таланттардың шығармаларын сын таразысына салып, шынайы бағасын беруге Қазақстан Жазушылар Одағының Қарағанды облысы филиалының директоры Серік Ақсұңқарұлы, "Нұр Отан" ХДП "Жас Отан" жастар қанатының Қарағанды облысындағы атқарушы хатшысы Нұржан Арғынұлы, жастар саясаты жөніндегі облыстық басқармасынан Айдос Серғазыұлы және Қарағанды облыстық "Орталық Қазақтан"газетінен халықаралық "Шабыт" фестивлінің дипломанты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист Жұлдыз Райымбекқызы мен "Қасым" журналы редакциясының бас редакторы Серік Сағынтайұлы, кітапханада жұмыс жасайтын "Жыр жауһар" поэзия клубының мүшесі, жас та болса танымал ақын Алмаз Мырза – Ахметұлы қатысты.

Оқу орындарынан командаларын қолдау үшін келген жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері мен өнерлі жастар сайыстың қызықты өтуіне өз үлестерін қосты.

Сайыс алты кезеңді қамтыды. "Білім еліне саяхат" кезеңінде сайыскерлер оқу орындарын, клубтарының тыныс-тіршілігін, кітаппен, кітапханамен байланыстарын дайындап келген бейнеролик, слайд-шоу арқылы таныстырып, арнау өлеңдерін оқыса, "Туған жер – тұғырың", "Жастар - еліміздің болашағы" кезеңінде тақырып бойынша дайындап келген туындыларын мәнерлеп оқыды. "Қасымтану" кезеңі дауылпаз ақын Қ.Аманжоловтың шығармашылығын насихаттауға арналды. Бұл кезеңде клуб мүшелері ақын шығармаларын жатқа біліп, айтылған өлеңді жалғастыруы керек болатын. Дауылпаз ақынның шығармаларын Серік Ақсұңқарұлы бастап оқыды. Өкінішке орай, бұл тапсырмаға командалар дайын болмай шықты. Гуманитарлық колледжден келген жастар ісі жөніндегі комитеттің жетекшісі Гакку Ырымтайқызы клубына қолдау жасап, қоржынына ұпай салып берді. Шығармашылық тапсырмаларда сайыскерлер Қазақстан қалалары мен осы жылдың айтулы оқиғаларына арнап өлең шығаруы тиіс болатын. Биылғы жылы құрылғанына 20 жыл толған Қарулы Күштер, қабылданғанына 20 жыл толған ҚР – сының рәміздері, Лондон – 2012 олимпиадасы мен Астана – түрік әлемінің мәдени орталығы сынды тақырыптарды таңдап алған командалар берілген уақыт аясында ұжымдаса отырып, ойдағыдай орындап шықты. Сайыс кезеңдерінің арасында клуб аттарынан келген жанкүйерлер патриоттық әндерді орындап, көтеріңкі күй сыйлады. Қазылар алқасы жастар шығармаларына жоғары баға беріп, өз сый - сыяпаттарын жасады. Серік Ақсұңқарұлы, Жұлдыз Райымбекқызы, Серік Сағынтайұлы жас ізбасарларына төлтуындыларын сыйласа, Нұржан Арғынұлы жақында ғана "Жас Отан" жастар қанатының форумынан алып келген кітаптарын сыйға тартып, өз тараптарынан кітапхана ұжымына "Жас Отан" жастар қанатымен бірлескен әдеби орта ұйымдастыруды ұсынды. Ашылғанына аз уақыт өткен "Қасым" журналы ұжымының сайыстың өтуіне қаржылай көмек көрсетуі, жастарымызға леп беріп әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, "Қасым" журналы ұжымы әр клубқа "Қасым" журналына 1 жылға тегін жазылған түбіртек пен "Қасым" журналын сыйға тартты. Сайыс қорытындысы бойынша "Құрбылар" клубы 1-орынды, "Сөз патшасы" клубы 2 - орынды, "Шабыт" клубы 3 – орынды иеленді. Ал, "Руханият" клубы ынталандыру сыйлығына ие болды.

Жанкүйерлер арасында "Тәуелсіздік елімнің ерлік жолы" викториналық ойыны жүргізілді және жанкүйерлер өз өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, кеш қонақтарына "Тәуелсіз еліміздің нұрлы таңы" атты кітап көрмесіне ақпараттық шолу ұсынылды.

 

Алматы

Желтоқсанның жаңғырыққан мекені
Алатаудың күңіренген етегі.
Өнер сүйер дарындылар ордасы,
Ұлықтайды ұлыларды кешегі!
Көктөбеде қанша арман сыры бар,
Бүгінгінің ақындары жыр қылар.
Бар әлемге аты мәлім Алматы
Биіктерден биіктерге құлшынар.

Қарағанды гуманитарлық колледжі
"Құрбылар"



Мемлекеттік рәміздер

Рәміздерім танытады елімді,
Мынау байтақ туып өскен жерімді!
Әнұраным, туым менен елтаңбам
Көтереді рухымды, сенімімді!
Әнұраным, туым менен елтаңбам,
20 жылды алдың сен де жар салам!
Еркесіне Есілдің ел боп қонған,
Қазағымма рух берер бас қалам!

ҚарМТУ
"Сөз патшасы"