Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 5 желтоқсан күні сағат қазақ әдебиетінің айтулы өкілі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдық мерейтойына арналған "Парасатты тұлға" атты әдеби кеш өтті.

Аталмыш іс-шараның мақсаты айқын. Ол әрине көркем сөздің хас шебері Әзілхан Нұршайықов секілді ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ұлттық мақтанышымызға, мәдени мұрамызға айналған шығармаларымен жиналған қауымды кеңінен таныстырып, әдебиетке деген қызығушылықты ояту.

Әдеби кешке Ә.Нұршайықовтың шығармашылығын зерттеумен айналысып жүрген Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы, Болашақ университетінің филология кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аширбекова Анар Бөкенқызы мен "Жыр – Жауһар" поэзия клубының мүшелері – жас ақындар қатысты.

Іс-шара барысында қаламгерге арналған бейнекөрініс көрсетіліп, кеш қонақтары Ә.Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұмат берді. Сондай-ақ, Қарағанды экономикалық университеті жанынан құрылған "Ақсораң" театрының студенттері Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық, мол жылдар" романынан үзінді көрсетіп, әсем ән, тәтті күй, мың бұралған би әдеби кештің шырайын кіргізді.

Осы кештің себепкері Әзағаның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттерден ұйымдастырылған кітап көрмесінен әрбір оқырман "Ұлттың ұлағатты ұстазы", "Махаббат падишасы" деген атақты әперген мол мұраларымен таныса алды.

Кеш соңында белсене қатысқан студенттерге кітапхана атынан Кәмел Жүністегінің "Арманым оттан өрілген" кітабы сыйға тартылып, кеш қонақтары алғыс хатпен марапатталды.