Елдің елдігін, халықтың бітім-болмысын көрсететін ұлттыққұндылықтарымыз –мемлекетіміздің рәміздері. 4 – маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай кітапханада "Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік белгісі" атты кітап көрмесі ашылды.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: "Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер", - деген болатын. Олай болса, оларға деген көзқарасымыз бен құрметіміз бәрінен биік болуға тиіс.

Көрмедегі ұсынылған әдебиеттер бет-бедері терең мағынаға толы ұлттық нышандарымыздың шығу, қалыптасу тарихы мен қоғамдағы пайдалану тәртібін таныстырады. Қазақ байрағының авторы, суретші Шәкен Ниязбеков, елтаңбамызды айшықтаған ұшқыр ой иелері Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков және әнұран авторлары Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Шәмші Қалдаяқов сынды ұлы тұлғалар туралы да көрмеден жан-жақты мағлұмат ала аласыздар.

Мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген жыр сүлейлерінің ұлттық нышандар туралы қалам тербеген шығармалары көрменің мазмұндылығын айшықтады. Көпшілік қауымға ұлт айнасы-ұлттық нышандар жайында берер тағлымы мол көрмеге шақырамыз.

"Мәңгілік елдің" туы желбіреп, ән ұраны үзілмей, шырқала берсін!