[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2016_onlain_abonement is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Кешегі кермедегі көлденең кер атты міне сала "Жау шаптыға" басқан ел ала, бұлт шала заман артта қалды. Тәуелсіз Қазақияға биыл 25 жыл. Бұл алаштың баласы үшін торқалы той. Етек-жеңді жиып еңселі елу елдің қатарына қосылғанымыз едәуір жетістік. Сол Егемендікті ту етіп жастарға табыстау һәм олардың патриоттық рухын ояту мақсатымен С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы жанынан құралған "Өркен" ақындар клубы Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жұмыс жасайтын "Жыр-Жауһар" поэзия клубымен онлайн дидарласты. Қарағанды атынан бұл жиынды жүргізу мәртебесі Е.А: Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің оқытушысы, "Жыр-Жауһар" клубының белді мүшесі Алмас Мырзахметке бұйырды. Ол 10 жылдық тарихы бар "Жыр-Жауһар"клубының қалыптасуына мұрындық болғандардың бірі әрі осындағы аға буын өкілі. Ал, кездесудің керекулік тізгінін Өзгеріс Қуанар ұстады.
Кездесуге екі аймақтың Қазақстан Жазушылар Одағының төрағалары Серік Ақсұңқарұлы мен Арман Қани және айтыскер ақын Қойлыбай Асанов қонақ ретінде қатысты. Олар Кереку мен Арқа арасындағы алтын көпір рухани байланысты қайта жаңғыртты. Жастар поэзиясына өз ойларын білдірді. Қазіргі таңдағы ақын жастарға азық болар алғы шарттарды атап айтты. Арқаның абадандары атанған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері осы сәтте тізгін алып, қара сөзбен көмкерілген қара өлеңнің парқын ашар жыр шумақтарынан шашу шашты. С. Ақсұңқарұлының жырымен бастау алып Мирас Асандай поэзияның бегзадасы өрген жыр таспасын Жәнібек Әлиман, Ерболат Қуатбек, Жәлел Шалқар, Қуаныш Шарманов, Жарқынбек Амантай жалғастырып, тыңдармандарды бірде шаттыққа бөлеп, бірде құлдыратып құлазытты. Ақынның құдіреті деген осы. Қарағандының жыр жауһары атанған қыз-жігіттердің қара сөзді құбылтуында тек арқаға тән ерекшелік байқалды.
{gallery}/material/news/2016_onlain_abonement{/gallery}
Жыр шумақтары тыныстаған уақытта екі клубтың жай-күйі талқыланып, алдағы жоспарлар ортаға салынды. Екі өңірдің жас ақындарының жырлары бір жинаққа шықса деген ұсыныс айтылып, бір ауыздан құпталды. Шығармашылық байланысты әрі қарай жандандыруға уағдаласты. Керекулік жас ақындар С. Аңсұңқарұлына сұрақтар қойып, қара өлең аясында білгілері келген біраз жайға қанық болды.Осындай арқа-жарқа жүздесудің аяғы С. Ақсұңқарұлының "Жыр-Жауһар" поэзия клубына қабылдануымен аяқталды.
Керекудің кең тынысты тұлпарларымен Арқаның арқыраған арғымақтары кездескен бұл жиын әсерлі болды.