Наурыздың 14 күні "Сарыжайлау" кинотеатрында Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы аясында кітапхананың қатысуымен мектеп оқушыларына  арналған кино-сабақ өтті.

Сабақтың мақсаты – алаштың біртуар азаматы, ірі саяси-қоғам қайраткері, ұлт көсемі, ғұлама, ғалым Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен атқарған істері, тарихта алар орны жайлы мағлұмат бере отырып, туған халқына адалдығын, патриоттылығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету.

Кино-сабаққа қаламыздағы Жалпы білім беретін №18 орта мектебінің 5-сынып оқушылары келді. Сабақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қарағанды қаласының 80 жылдығы және Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығы туралы сұрақтар қойып, ой шақыру әдісі арқылы басталды. Кітапхана қызметкері Алаш арысының балалық шағынан бастап, білім алуы, қоғам қайраткері болып, тұлғалық даму жолындағы өмір деректерін оқушыларға әңгімелеп берді. Қазақ халқының тұңғыш демократиялық "Алаш" партиясы, оның ұйымдастырушысы, көсемі Ә.Бөкейханов екендігі жас жеткіншектерге егжей-тегжейлі баяндалды.

Үлкен экраннан көрсетілген алаш мақтанышы Ә.Бөкейханов туралы деректі фильмді оқушылар аса қызығушылықпен, ынта-ықыласымен тамашалады. Фильмде тарихи тұлғаның туған жері, оқыған, қызмет істеген қалалары көрсетілді. Сондай-ақ, тарихшылардың Әлихан жайлы келтірген деректері, ой-пікірлері тыңдарман оқушыларға үлгі боларлықтай әсер қалдырды.

Кино аяқталған соң оқушыларға сұрақтар қойылып, не түйгендері жайлы сөз қозғалды. Белсенді жастар қол көтеріп, Әлихан аталары туралы өз ойларын жасқанбай ортаға салды. Алаш үшін жүрегін алау еткен ұлы тұлғаның халқына сіңірген еңбегіне, жан-жақты атқарған қыруар істеріне жас жеткіншектердің сүйсінгендігі, кеуделерін мақтаныш кернегені сөздерінен байқалып тұрды.

Сабақ соңында оқушылар назарына кітапхана қорындағы Ә.Бөкейхановтың еңбектері және ол туралы зерттеулер жинақталған кітап-журналдар ұсынылды. Ұлы тұлға жайлы деректерді қайдан, қалай алуға болатындығы жөнінде бағыт берілді.

Ұлт патриотын тәрбиелеуде бұл кино-сабақтың берер тағлымы мол болды деп ойлаймын. Алаштың асыл арысы Әлихан Бөкейхановтай ұлтжанды, білімдар тұлғаларды насихаттайтын, жастарға үлгі ететін осындай іс-шаралар жиі болса, "нұр үстіне нұр болар еді".

Нұржан Құлымжанов

Оқу залының кітапханашысы