Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің "Тұлғатану" ғылыми зерттеу орталығымен бірігіп іргесі қаланған "Тағылым" интеллектуалды клубының жемісті жұмысы жалғасуда. Қалың жұртшылыққа берері мол елімізге белгілі тұлғалар өз дәрістерін шын жүректерімен ұсынуда. Клубтың алғашқы дәрісін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жырау Алмас Алматов оқып көпшіліктің таңдайын қақтырған болатын.

Екінші кездесу жазушы-ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлымен "Тарихыңды таны, тағылымына құлақ түр" тақырыбында өтті. Кешті әдеттегідей белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов жүргізді. Ұйымдастырушылар тарапынан кеш қонағының еңбектерімен жабдықталған кітап көрмесі мен слайд-презентация ұсынылды.

"Біз боларымыз болып, бояуымыз сіңген адамбыз. Яғни, базардан қайтқан адамбыз. Қуантатыны құр қол қайтпадық базардан. Енді сол қолдағы барды сіздер сияқты қаракөздерге таратып беру ғана қалды. Мен мектепті үшке оқыған баламын. Екі жыл қой бақтым. Есте сақтау қабілетімнің өте жақсылығының арқасында ҚазМУ-нің журналистика факультетіне оқуға түстім. 10 шақты жылым бос кетті деп есептеймін. Мені адам қылған – "Социалистік Қазақстан" газеті. Мен ол жерде отырып жұмыс істеуді үйрендім. Оқырман қауымнан үздіксіз келіп жататын хаттар мені еріксіз тарихтың тұңғиық тереңіне сүңгітіп жіберді. 6 жыл бойы кітапхана қабырғасынан шықпай алдыңғы босқа өткен уақытымды әзер толтырдым. Мен халықтың тарихқа деген ықыласын көріп, қарап отыра алмадым. Осылай тарихшы, ғалым-жазушы болып шыға келдім. Көзім ашылып, дүниетанымым өзгерді. Босқа өткен күндерге өкіндім. Түркі халқы Алтайдан келген деген жорамал қате, түркі халқы адамзат жаралғалы бері бар. Түркілер өте жауынгер халық. Қазіргі тарих енді орнына түсіп келеді. XXI ғасыр түркілердің ғасыры болады." - деді ағамыз өз сөзінде.

Кездесу барысында Қойшығара Салғараұлының намысшыл, өз ісіне әбден берілгендігі, өз ұлтын өте сүйетіндігі байқалып тұрды. Дәріс тыңдаушылар сұрақтарын қойғанда, ағамыз орнынан шыдамай тұрып кете берді.

"Қалған дүниенің бәрін кітаптарымнан оқисыңдар" – дей келе кітап көрмесінде тұрған өз кітаптарының жазылу тарихын, қысқаша мәнін айтып берді. Дәріс соңында тарихымызды танып, тағылымына құлақ түргісі келген бір топ жас тарихшыны қаумалап, сұрақтарына жаудырып, автордың кітаптарына қолтаңбасын алып жатты.

Жалықтырмай тыңдатқан, "Ойлан қазақ" деп ой салған Қойшығара Салғараұлымен болған кездесу көптің есінде қалары сөзсіз.

Барша қатысқан оқырман қауым "Тағылым" интеллектуалды клубының танымды да қажетті ерекше дәрістеріне қатысуға ниетті екендіктерін білдірді. Яғни, жастар үшін қызықты кездесулер мен тағылымды дәрістер өткізуді алдағы уақытта жалғастыру қажет екенін ұйымдастырушылар ұғынды...