20 қазан күні "Бір ел-бір кітап" акциясы аясында қазақ әдебиетінің классигі "Ілияс Есенберлин және оның әлемі" атты кітап көрмесінің таныстырылымы өтті.

Елімізде Республикалық "Бір ел – бір кітап" акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен тарихи роман жазудың хас шебері, ақын, ұлы жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы биылғы жылы қатар келіп отыр.

"Бір ел-бір кітап" акциясы аясында биылғы жыл кітабы болып Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясы таңдалған болатын.

Қазақ тарихын Ілияс Есенберлинсіз елестету мүмкін емес. Жыл кітабы болып таңдалған "Көшпенділер" трилогиясы еліміздің тереңде жатқан тарихын, хандық дәуірдегі қазақ өмірін, қазақ хандары мен ержүрек, батыр бабаларымыздың бейнелерін ашып көрсетеді. "Көшпенділер" трилогиясы қазақ тарихын жадымызда жаңғыртқан, өткенімізді болашақпен байланыстырып берген шығарма екені сөзсіз.

Қарағанды қаласының орта мектептерінің кітапханашыларына арнайы ұсынылып, таныстырылған "Ілияс Есенберлин және оның әлемі" атты кітап көрмесі үш бөлімнен құралып, жазушының өмір баспалдақтары мен шығармашылығы жайлы толық мағлұмат берді.

"Жазушы тағдыры" деген бөлім Ілияс Есенберлиннің  қиын да күрделі өмір жолы, туған-туыстары жайлы сыр шертіп, кітапхана қорындағы осы тақырыпты қамтитын газет, журналдар мен кітаптарды ұсынды.

Жазушының жалпы шығармашылығына арналған "Көшпенділер" атты бөлімге "Көшпенділер" трилогиясы, "Алмас қылыш", "Қаhар", "Жанталас" тарихи романдарымен қатар, "Маңғыстау майданы", "Махаббат мейрамы", "Алыстағы арпалыс", "Хан Кене" сынды кітаптары қойылса, "Әдебиет дәуірі" бөлімі оқырман назарына жазушының қазақ әдебиеті тарихындағы ерлік ісі, шоқтығы биік шығармалары туралы сыр шертетін кітаптар мен газет-журнал материалдарын ұсынды.

Қағаз бетінен сыр шертетін материалдармен қатар, ұлы жазушының "Қазақстан ұлттық телеарнасына" берген сұхбатынан үзінді көрсетіліп, әдебиетке қалай келгендігі егжей-тегжейлі баян етілді. Сонымен қатар, Ілекеңнің немересі Мағжан Есенберлиннің сұхбаты да көрсетіліп, жазушының отбасындағы қамқорлығы, мейрімділігі, жалпы адами қасиеттері туралы айтылды.