Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Мейірімді апаң қымбат.
Асқар тауың – әкең қымбат.
Туып өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.Қаз дауысты Қазыбек
Отбасы – адамзаттың алтын ұясы. Отбасы қоғамның негізгі бөлігі, ұрпақтар тарихи сабақтастығының, мәдениеттің, рухани құндылықтардың қазынасы болып саналады. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаға бейімделіп, ықпалына көніп ер жетеді. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол анаға қарап өсіп бой түзейді. Өнегелі отбасы арқасында мемлекет те өркендейді, халықтың әл-ауқаты да жақсарады.
ҚР Президенті Жарлығымен Отбасы күні мерекесі қыркүйек айының екінші жексенбісінде тойланатын болды. Оның мақсаты – жанұялық құндылықтарды нығайту.
Айтулы мереке қарсаңында 2015 жылдың 13 қыркүйегінде кітапхананың Американдық бұрышында "Отбасы – тәрбие бастауы" – "Family where life begins" атты дөңгелек үстел өтті. Ағылшын тілінде өткен жиында қатысушылар күллі әлемге ортақ отбасы құндылықтарын, мән-жайын, ерлі-зайыптылар арасындағы сәтті қарым-қатынастын қандай болу керектігін талқылады. Сонымен қатар, отбасы мәселесіне қатысты оқырмандардың сөздік қоры тексеріліп, үздіктер арасында сайыс қорытындылары шығарылды. Жиынның соңында жиналғандар шаңырақты ұстап жүрген асқар таудай әкелері мен асыл аналарын осы мерекемен құттықтауға асықты.
Тек қана мереке күні емес жылдың әрбір минутында, әрбір сағатында жанұяңызды ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей жүріңіз, ағайын!