"Сабақты ине сәтімен" деген емес пе? Қырымның әсем сұлу табиғаты, саф ауасы, көгiлдiр тауларын көру кім-кімге болса да арман екені ақиқат. Жуырда Қырымға барып, кереметін тамашалап, кәсіби деңгейімді көтеріп қайту бақытына ие болдым.
Маусым айының 8-12 күндері аралығында Қырымның тарихы антикалық кезеңнен басталатын Судак қаласында Дүниежүзі кітапханашыларының ХХІІ халықаралық конференциясы өтті.
Қырымның Қара теңіз жағалауындағы ең тамаша жерлердің бірінде орналасқан Судак қаласында ерекше назар аударатын орын – орта ғасырлық әйгілі Генуэз қорғаны. Судак - Бейбарыс сұлтанды бала күнінде құлдыққа сататын қалашық.
Кез-келген кітапханашы үшін кәсібилігі мен білімін жоғарылатуға үлкен мүмкіндік беретін Қырым конференциясына кітапханамыздан екі қызметкер болып барып қайттық, яғни автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Анастасия Чен және мен.
Қырым конференциясы – кітапханалар, баспалар, кітап сататын ұйымдар, мұражайлар, мұрағаттар, ақпарат орталықтары, компьютерлік және интернет-компаниялар, бизнес, құқық, ғылым, мәдениет және білім беру мекемелерінің мамандары мен басшыларына арналған ең маңызды әлемдік кәсіптік конференция.
Бес күн бойы алыс-жақын шетелдердің 700-ден астам кітапханашысының басын қосқан Халықаралық "Қазіргі ғылым, мәдениет, білім және бизнес әлеміндегі кітапханалар мен ақпараттық ресурстар" тақырыбындағы "Қырым-2015" конференциясында кәсіби өзекті мәселелер талқыланып, кітапхана ісіндегі жаңа жетістіктер мен ақпараттық технологиялар жөнінде өзара тәжрибе алмасу әрі өзара пікір алысу мақсатында бірнеше секциялар жұмыс жасады. Бағдарлама өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Әртүрлі секция, семинарлар, дөңгелек үстелдер, көрме жұмыстары, қызықты тұсаукесерлер, интеллектуалды ойындар негізінде қарастырылған тақырыптар – қоғамның жедел ақпараттандырылуы және заманауи технологиялар жағдайында кітапханаларды дамытудың келешегі, ұлттық ақпараттық ресурстар, электронды кітапханалар, кітапханалық инноватика, кітапханалар, мұражайлар, мұрағаттар арасындағы өзара ынтымақтастық, экологиялық ақпарат мәселелеріне арналған.
Қатысушылар өз қалауы бойынша кез-келген секцияларды таңдап қатыса алтын болғандықтан, қызығушылығы мен қажеттілігін ұштастыра алды.
Дегенмен, біз орналасқан "Судак" туристік сауықтыру кешені Қара теңіз жағалауында болғандықтан теңiзге шомылып, демалуға да уақыт таптық. Сонымен бес күн бойы қандай жұмыстармен шұғылдандық, рет-ретімен бастайық:
8 маусым күні конференцияның ресми ашылуы. Концерт залында үрмелі аспаптар оркестрі мен барабаншы қыздардың өнерін тамашалаудан басталды. Көптеген құттықтаулар, яғни Ресей Федерациясы және Қырым Республикасының мәдениет Министрлігінің өкілдерінің, Судак қаласы басшысының құттықтау сөзінен кейін, конференцияға қатысушы елдердің тулары мен "Қырым" конференциясының туын алып шықты. Ал ұйымдастырушылар конференцияның гимн орындады. Бұдан кейін конференцияны ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Ресей Мемлекеттік ғылыми-техникалық көпшілік кітапханасының Бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Яков Леонидович Шрайбергтің "Современные библиотеки под информационно-технологическим прессингом на тернистом пути в будущее: история "борьбы" с книгой и перспективы ее выживания" атты басты баяндамасы әрбір кітапханашыға ой салды.
Ашылу салтанатынан кейін кітапхана ісіне қажетті құралдар мен өнімдерді насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған арнайы көрменің де ашылу болды. Уақыт пен заман талабына сай әрі оқырман талғамын қанағаттандыруға бағытталған көптеген техникалар мен технологиялар, заманауи кітапханалық бағдарламаларды көріп, таныстым.
Кешқұрым Е. Шварцтың "Обыкновенное чудо" пьесасы бойынша арнайы дайындалған "Кітап – ғажайып әлемі" ("Книга - обыкновенное чудо") атты музыкалды шоу-спектакль қойылып, соңы салтанатты отшашумен жалғасты.
9 маусым күні "Заманауи кітапханалық-ақпараттық кеңістіктегі электронды кітапханалар және онлайндық ресурстар" секциясына қатыстым. Бұнда Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Г.П. Ивлиев "Национальная электронная библиотека – 2014/2015" тақырыбында баяндама жасады. Сонымен бірге осы секцияда Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының (Астана) қызметкері Н. Жолдыбалинов және Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Г. Дурдыева электронды кітапхана саласында атқарылып жатқан жұмыстарын сәтті көрсете білді. Секция жұмысында қаралған, көтерілген мәселе бойынша дискуссия болды. Кітапхананың сандық жүйеге көшудегі өзекті мәселелері де көтеріліп, тәжірибелер алмасты.
10 маусым күні "Аймақтық, муниципальды және ауылдық көпшілік қолжетімді кітапханалар: жаңа экономика және жаңа технология" секциясының жұмысы. Дәл осы секцияда әріптесім А. Ченмен Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жұмысымен шетелдегі әріптестерімізді таныстыруға бел буған едік. Яғни, "Ғасырлар мұрасын сақтау: Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК үлгісінде өлкетану қорын цифрлау" атты баяндамамызды дайындап, екі тілде таныстырдық. Барлық баяндамалар орыс, ағылшын тілінде оқылып жатқандықтан, қазақ тіліндегі менің баяндамам қалай қабылданады деген күдік болғаны, ақиқат. Секция жұмысын Томск қаласының муниципальды ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, секция төрағасы Карауш Александр бастап, "көпшілік кітапханаларда бұлтты технологияларын қалай пайдалануға болады" деген тақырыпта баяндама жасады. Бізге сөз кезегі келді. Мен қазақ тілінде бастадым. Залда үнсіздік. Барлығы да тыңдаған кейіпте. Бірақ слайд орыс тілінде жүріп отырғаннан кейін бе назарлары экранда болды. Ал баяндамадан кейін қойылған сұрақтардан соң, бізді түсінгендерін, жұмысымызға қызығушылық танытқан әріптестеріміздің қатары көбейгенін байқап, қуандық. Кітапханамызда заманауи талапқа сай атқарылып жатқан жұмыстарымыз үшін қуаныштымыз, себебі ресейлік әріптестеріміз бұл жұмыстарды жаңа бастап жатыр екен.
Қобалжу сейілді. Өзіміздің секцияда берілген уақытымызды жақсы өткіздік.
Бұдан кейін арнайы шақыру қағазы берілген "Библиотеки тюркоязычных стран и регионов: приоритеты взаимодействия и сотрудничества" атты семинарға қатыстым. Семинарды И. Гаспринский атындағы Республикалық Қырымтатар кітапханасының директоры Гульнара Сабировна Ягьяева жүргізіп отырды.
Исмайыл Гаспринский – ол кім? Исмайыл Гаспринский - ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысындағы бүтін түркі дүниесіне, жалпы адамзатқа ортақ аса ірі қайраткер, қаламгер, жазушы, ойшыл, ағартушы. Қырым татары ұлтының ұлы перзенті, жәдитшілдіктің негізін салған ойшыл, ғалым.
Семинарда алғашқы сөз алған Мәскеу Мемлекеттік Мәдениет институтының профессоры Юрий Николаевич Столяров "Татарлар фольклоріндегі кітап мәдениетінің элементтері" атты баяндамасында өзінің кейінгі жылдардағы айналысқан зерттеулері туралы мәліметтерімен таныстырса, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының өкілі Айгүл Маджипқызы Дүйсембаева Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының асыл мұралары жайында тың деректер туралы сөз етті. Сөз кезегін алған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры А.К.Каиржанов "ХХ ғасырдағы "Irq bitig" ежелгі түрік кітабы" тақырыбында қызықты деректер келтірді.
Семинар соңы мәдени бағдарламамен жалғасын тапты.Татар, башқұрт тілдерінде орындалған әндерді тыңдап, татарлар салт-дәстүрлерін паш ететін, көздің жауын алатын қолөнерлер көрмесімен таныстым.
"Барлығы кітапхана туралы, кітапханада және кітапхана үшін" атты бейнефильмдер мен роликтер байқауына қатысуға да уақыт таптық. Өзімізге ұнаған бейнефильмге дауысымызды бердік. Жеңімпаз конференцияның жабылу салтанатында марапатталды. Жеңімпаздар Н.А. Некрасов атындағы орталық ғылыми кітапханасының дайындаған "Поэзия подвига" фильмі (Мәскеу қ.) және А.И. Печков атындағы орталық кітапханасының дайындаған "Сказка про пчелок" ролигі (Нарьян-Мар қ.).
Келесі күндері "Мәскеу және Санкт-Петербург кітапханаларының корпоративті жобалары", "Создание и развитие новых инновационных форм обслуживания в библиотеках и информационных подразделениях", "Тұрақты ИРБИС мектебі" сынды арнайы сессиялар мен дискуссиялық панельдерге қатысып, біраз кәсіби біліктілігімді жетілдірдім. Ресей, Армения, Канада, Әзірбайжан, Швейцария және т.б. көптеген елдерден келген кітапхана ісі мамандарының ой-пікірлерін тыңдап, өз үнімізді қосып, мамандығымның мен білмейтін біраз қырларын танып-біліп қайттым.
Бұл баяндауым менің кәсіби сабақтардан тәжірибе алмасуым.
Енді Қырым жайлы сөз етейін.
Тарихы сан ғасыр шежіресін артқан талай ауыр томдарға жүк болған Қырымның тарихи мұрасы, көне жәдігерлері мен ежелгі ескерткіштерін өз көзімен көруге мүмкіндік туғанына өзімді бақытты санаймын. Қырымның әсем сұлу табиғаты, саф ауасы, көгiлдiр таулары бәрiмiздi тамсандырғанын жасыра алмаймыз. Қара теңіз өңірінде әдемі де әсем таулы гүлдер өте көп, айналасында шыршалы орман жиектей өскен. Осындай қысы жылы, жазы қоңырқай жанға жайлы жерлерді кімдер иеленуге тырыспаған? Ол заманда да, кейінге дейін кімнің күші артса солар жақсы жерлерді иемденген. Қырым өте ерте заманнан-ақ адамзат баласының өсіп өркендеуіне, аяқтанып кетуіне бірден-бір қоныс болған жер.
Ғажайып Қырым жерiнде ежелгi гректердiң қуатты Боспор патшалығы болған екен, содан өрiс алған. Осы қасиетті мекенде түрік, орыс, татар көпестерінің, ғалымдар мен саяхатшылардың, зерттеушілердің ізі жатыр. Қырым түбегі ежелден, яғни XIII–XVII ғасырлардан татарлардың жері. Жер-су аттары әлі күнге сақталған: "Қарадақ", "Аюдақ", "Көктебе", "Хошкельди", "Суық су", "Қызыл тас" тағы басқалар.
Симфрополь, Керчь, Севастополь, Ялта қалаларына жасаған саяхат, теңіз бетіндегі теплоходпен серуен, суасты қайықтары мұражайында болған жерлер, ботаникалық бақтар айрықша әсер қалдырды, жүректі тербетеді.
Қырымдағы күндерім қызықты да, тартымды мәдени-демалыс бағдарламаларымен есте қалды.
Осындай кәсіби білім көкжиегін кеңейтіп, әріптестермен танысуға, жүздесуге, сұхбаттасуға, әркімнің барып демалығысы келетін Қырым жерін көруге мүмкіндік берген кітапхана әкімшілігіне шексіз алғысымды білдіремін. Ел көріп, жер танып қайтқаныма тәуба етемін.
"Ел қадірін көрген біледі, Жер қадірін жүрген біледі!" демекші, 10 күнде шыны керек туған жерімді қатты сағындым. Жерлесіміз Камал Смайылов еліне деген сағынышын сыртта жүріп, "Ұлытауым, сенің қасыңда Гималай маған аласа, Ұлытау сен ғажапсың, Кавказдан да тамаша" деп білдірген екен. Сол сияқты менде көрген жерлерімді елімнің жерлерімен теңеп жүрдім. Әркімнің туған жері - Жерұйық.
Алған әсерлерімді бір сөзбен жеткізе алмаспын, дегенмен жаныма жақын сөздерді ақын М.Хакімжанқызының Қырымға жұмыс сапарымен барған кезде жазған "Жол әсері" өлеңінен тауып, әңгімемнің соңында осы өлеңнен үзінді келтірейін:
...Бұрқылдап болат тұлпар келеді ағып,
Маздатып, мандайынан шырақ жағып.
Отырмын түн қойынын тінте қарап,
Таңырқап, табиғаттың сырын бағып.
Ағарып келе жатыр таң да атып,
Кеудесін дуниенің жадыратып.
Қаласына Севастополь келіп қалдық,
Теңізге етек-жеңі тұрған батып.
Күн көзі күле қарап нұрын шашты,
Гүл бәйшешек құлпырып қойнын ашты.
Айлықты алты басып, шыңнан асып,
Жеттік-ау тесіп өтіп тау мен тасты.
Каласын емін-еркін араладық,
Тарихи орындарын сараладық.
Теңіздің түбіне де сүңгіп шықтық,
Кауіп-қатер бар дегенге қарамадык,
Каланың шет жақтарын көрдік барып,
Табиғат көркінен ләззәт алып.
Жарқабаққа салынған елді мекен,
Карай бердік бәріміз, қайран қалып.
Қаймақшып Қара теңіз жатты қайнап,
Жағасында отырдым ойға бойлап.
Севастополь, Симферопольға ескерткіш деп,
Өлеңімді қайығына кеттім байлап.
Телпекбаева Сандуғаш