17 маусым күні қала қонақтары мен тұрғындары қоғамымыздың қауіпті дерті – нашақорлыққа қарсы акцияның куәсі болды.

Н.В. Гоголь атындағы Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған орталықтағы Кеншілер Мәдениет сарайының алдында "Қарағанды нашақорлыққа қарсы"  атты жастар акциясының өтуіне Облыстық Ішкі Істер Департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, "Сау ұрпақ" қоғамдық бірлестігі", мемлекеттік емес "Детство" мекемесі, "Вектор Инфорум" қоғамдық журналы, облыстық наркологиялық диспансер қолдау көрсетті. Елді тәнті еткен сұлу мүсінді гимнастика мектебінің акробаттары мен "Тори" клубының "Виктория" черлидинг тобының бишілері салауатты өмір салтын ұстану мен спортпен айналысудың қажеттілігі мен пайдасын таңғажайып өнерлерімен көрсетіп берді.

Республикамызға жақсы танымал белгілі сазгер, әнші Марат Бекішов пен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншісі Әсел Қарабаева шараны әнмен әрледі. Сондай-ақ жиналған жұртшылықтың заңгер, дәрігер-нарколог кеңестеріне жүгінуіне, "Нашақорлық – қасірет белгісі" атты кітап көрмесінен танымдық ақпараттар алуға, сабынды көпіршіктер үруге, викториналық сұрақтарға қатысуға, LED экраннан есірткі мен нашақорлықтың апарар тұңғиығы мен зардабы жайлы мағыналы бейнероликтерді көру мүмкіндіктері болды. Автокөлікпен ортаға әкелінген ізші ит тығылған есірткіні дәл тауып өз қызметін нақты орындап берді. "Жыр-жауһар" поэзия клубының жастары мен кітапхананың жас мамандары биден флеш-моб ұйымдастырып, барша жиналған халықтың "Нашақорлыққа жол жоқ" деген үндеуімен акцияның нүктесі қойылды.

Қылмыс пен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес  бүгінгі таңда ерекше назар аудару арқылы, мейлінше ықпалды әрі тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыруды қажет етеді. Және бұл баршамыздың басты міндетіміз.