Жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеудің бір бағыты – елтанулық экскурсиялар жасау. Ұлан-байтақ қазақ елінің мәдени, тарихи жетістіктерімен таныстыру мақсатында республикамыздың заманауи білім беру ошақтарының бірі – Назарбаев Зияткерлік мектептерінде "Туған елге тағзым" патриоттық жобасы жүзеге асып келеді. Осы жоба аясында 1 маусым күні Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары өлкетанулық экспедициямен Қарағанды облысының рухани орталығы болып табылатын кітапханамызға арнайы келді.
Облыстық кітапхананың бүгінгі жетістіктері мен қызметі туралы танымды экскурсия оқушылар арасында ерекше қызығушылық туғызды.
Кітапхана сайты арқылы қашықтағы пайдаланушының Қарағанды өңірінің тарихы, экономикасы, қайраткерлері, ақын-жазушылары туралы ақпаратты алу мүмкіндігі оқушылар назарына ұсынылды. Экспедиция мүшелеріне жан-жақты білімдерінің өзіндік дамыту жолында, үлкен жетістікке жету жолында кітаптың алатын орны жайында айтылып, қызықты шолу жасалды.
Өлкетану бөлімінің меңгерушісі С.О. Телпекбаеваның 2015 жылы ғана тұсауы кесілген "Сарыарқа кітапханасы" сериясымен жарық көрген арқаның ақын-жазушыларының еңбектері енген 100 томдық туралы жасаған шолуы білімпаз балалар үшін маңызды ақпарат болды деген ой қалдырды.
Экскурсия соңында кітапханашылар оқушылардың Қарағанды және Қарағанды облысының тарихы және Мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін толықтыру мақсатында танымдық викторина ұйымдастырды.
Назарбаев Зияткерлік мектептері мен кітапханамыз арасындағы тығыз ынтымақтастық жалғасын табады деген үміт білдіріп, оқушыларға білімдерін шыңдай беруге тілек білдірген кітапхана директоры Д.Б. Аманжолова Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітапханаларына "Қарағандыдағы алғашқы кітапхана: тарих беттерінен. 1934-2009 = Первая библиотека Караганды: страницы истории. 1934-2009" кітабын сыйға тартты.