Кітапханамыздың қорында Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ тілінде шығып тұрған "Отанды қорғауда" газетінің 1941-1945 жылдары жарық көрген түпнұсқалары жинақталып, сандық нұсқаға келтіріліп, "Фирма КИІК" баспасынан 2008 жылы жеке кітап болып жарық көрген (Красноармейская газета Ленинградского фронта "Отанды қорғауда" за 1942-1945 гг. - Алматы : Фирма КИІК, 2008. - 647 с.) басылым бар.
1941 жылдың күзінде неміс басқыншылары Ленинград қаласына кіруге жанталаса шайқасқаны белгілі. Сол кезеңде қазақстандық жауынгерлердің, оның ішінде қазақ солдаттары мен офицерлерінің Ленинград майданында қоршауда қалған елді құтқару үшін ерекше ерліктерін бағалау мақсатында, жауынгерлер арасында үгіт-насихат жұмысын жақсарту қажеттігін мен әсіресе егде тартқан қазақ жауынгерлерінің орысша білмейтіндігін ескеріп, Ленинград майданы әскери советінің ұсынысымен Қызыл Армияның Жоғарғы Саяси Басқармасы Ленинградта қазақ тілінде газет шығаруды ұйғарады.
Сөйтіп, тарихы сонау 1920 жылдан бастау алатын Ленинград қаласындағы "На страже Родины" әскери газетінің қазақ тіліндегі "Отанды қорғауда" атты сыңарының бірінші нөмірі 1942 жылдың 6 қарашасында жарық көріп, газет 1945 жылдың аяғына дейін дейін аптасына екі рет шығып тұрды. Газеттің ана тілінде жарық көруін қазақ жауынгерлері қуана қарсы алды. Ол әскери бөлімдерде насихат жұмысын жеңілдетумен қатар, жерлестеріміздің алыста қалған туған жер, өскен елімен байланысын жалғастыруына себепкер болды.
"На страже Родины" газетініңбас редакторы М.И.Гордон "Отанды қорғауда" газетін шығару үшін Ленинград әскери-саяси училищесінде оқып жүрген қазақ курсанттарының ішінен қабілетті жастарды іріктеп, редакцияға жұмысқа шақырады. Олар: соғысқа дейін Ленинград қаржы-экономикалық институтының 3 курс студенті, 22 жасар Түймебай Әшімбаев, 1942 жылы ақпан айында әскерге шақырылған ауыл мұғалімі, 20 жастағы Бисен Жұмағалиев және лейтенат Ақмұқан Сыздықбеков еді. 1943 жылдың күзіне қарай тілшілер қатарына ҚазақКСРО Совхоздар министрлігінің жоспарлау-экономика басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған Асылхан Тұрғанов келіп қосылады.
"На страже Родины" газетініңредакторы М.И.Гордонның қазақ газеті жөніндегі орынбасарлығына соғысқа дейін Алматы обкомының жауапты қызметкері болған,Ленинградта жоғары партия мектебінде оқып жүргенінде әскер қатарына шақырылған Абдолла Мадалиев тағайындалады. Ол газет шығару жұмысынан бейхабар болса да, өз қарамағындағы үш жігіттің елгезектігі мен біліміне арқа сүйеп, 1943 жылдың көктеміне дейін қызмет істейді. А. Мадалиев кеткеннен кейін оның міндетін Түймебай Әшімбаев атқарады. Сол жылдың жаз ортасынан бастап Саратовтағы Чернышевский атындағы университетті бітірген, Астрахань облысының тумасы, майор Кәрім Усманов "Отанды қорғауда" газетіне жетекшілік жасап, М.И.Гордонның орынбасары қызметіне тағайындалады.
Газеттің бірінші нөмірін шығару оңайға соқпады. Орыс тілінде кездеспейтін, қазақ тіліндегі тоғыз әріп қолдан жасалды. 1942 жылдың 6 қарашасынан 1944 жылдың 5 сәуіріне дейін газет екі бет болып жарық көрсе, 1944 жылдың 8 сәуірінен 1945 жылдың 31 қазанына дейін басылым төрт бет болып басылып шығып тұрды.
Газеттің тұңғыш нөмірі 1942 жылы 6 қарашада "Қазақ жауынгерлері, неміс арамдарын аямай жой!" деген ұранмен жарық көрді. Ал екінші нөмірінде Ұлы социалистік қазан революциясының 25 жылдығына арналған И.В.Сталиннің баяндамасы берілді.
"Отанды қорғауда" басылымның ең басты құндылығы - материалдарының соғыстағы өмірдің өзінен алынған шындығында, деректігінде. Түймебай Әшімбаев Жоғарғы Бас командашысы И.В. Сталиннің бұйрықтарын, ресми құжаттарды қазақшаға аударумен және газет тілшілерінің мақалаларын редакциялау жұмысымен айналысты. Мыңдаған жерлестеріміздің әртүрлі ерлік пен батылдыққа толы істері мен фотосуреттері газет беттерінде үзбей жарияланып тұрды.
Бірақ қазіргі күні көптеген фотосуреттер мен мақалалардың бас кейіпкерлері туралы көп зерттеулер мен анықтауларды қажет етеді. Ерекше құнды материалдар арқылы сұрапыл соғыс жылдарындағы қатардағы қазақ офицерлері мен жауынгерлердің өмірі мен ерліктері жайында көп мағлұмат алуға болады.
Газет беттерінде жарияланған мақалалар мен фотосуреттер арқылы олардың есімі ұрпаққа аян болып отыр, олар: лейтенант Махметов Нұрбек, Рүстембеков Сәрсенбай, ағайынды үшеу - Пернебек, Жөребек, және Әлмағамбет Үрістемовтер, сапер Есмұхан Әпенов, аға сержант Қосаев Шанхан, офицер Біләлов Жұман, барлаушы Сансызбаев Рақымжан, ұшқыш Саид Жылқышиев, байланысшы Сәду Даиров және басқалары.
Кеңес Одағының Батыры, ержүрек Сұлтан Баймағанбетовтің неміс дзотының амбразурасын өз денесімен жапқан ерлігі туралы 1943 жылы 10 тамызда жарық көрген нөмірінде "Сұлтан Баймағамбетовтың мәңгі ұмытылмас ерлігі" деген мақалада айтылған.
Батыр қыздарымыз Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерліктері туралы 1944 жылдың 8 наурызындағы нөмірден оқуға болады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы М. Калининнің М. Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы жарлығы жарияланып, оның төменгі жағында "Маншук Маметова" деген Ж. Жұмақановтың қомақты мақаласында батыр қызымыздың ерлігі туралы баяндалады. Сонымен қатар осы нөмірде "Лия Молдақұлованың ерлігі" деген шағын ғана мақала жарияланған. Ең қызығы, Әлия Молдағұлованы қаруластары "Лия" деп атағанын аңғарасыз және келесі жолдар Әлияның ерлігін кинодағыдай кадрлап суреттейді: "... Батальон алтыншы рет атакаға барғанда, Лия "Отан үшін!", "Сталин үшін!" деп айқай салып, алға ұмтылды, жауынгерлерді соңынан ертіп, неміс траншейіне алдымен басып кірді. Бұл жерде оны немістер қоршап алды. Жалғыз совет қызына жыйырмадан астам қарулы жауыздар қарсы шықты. Лия жерге құлай кетіп, өтірік өліп жатады. Немістер оған тура ұмтылып, жақындап келгенде совет қызы орнынан тез ұшып тұрады да, автоматынан оқ жаудырады..."
Басылым беттерінде қарағандылық жауынгер жерлестеріміз туралы да мақалалар жарық көрген.
Қызыл әскер Ж. Әбенов өзінің Қарағанды облысының совхозында 12 жыл бригадир болып істегенін және "соғыс ғылымын толық меңгеріп, елдің ұшан-теңіз таусылмас жерін неміс басқыншыларынан қорғауға дайын" екені туралы "Соғыс білімін көтерейік" атты мақаласында (1942 жылғы 21 қарашадағы № 4) жариялаған.
Газеттің 1943 жылғы 27 тамызында (№70) Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің өрт шалған ұшағын жау колоннасының техникасы шоғырланған жеріне бағыттап, қаһармандықпен қаза тапқаны жайлы баяндалған.
Қарағанды қаласының құрметті азаматы Зайролла Гершанұлы Ниғматуллин туралы 1943 жылғы 7 қыркүйек айының №73 нөмірінде мақала берілген. Онда немістермен болған үлкен бір шайқаста жерлесіміздің өзінің ерлігімен, шеберлігімен айрықша көзге түскені және II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталғаны жазылған.
1944 жылғы 30 сәуір айының №38 нөмірінде "Біздің майданның батырлары" атты айдарда Қарағанды облысы, Қарқаралының тумасы капитан Ахметбек Қосыбаевтың батальоны Ленинградты блокададан азат ету үшін жүргізілген ұрыстарда шеберлік көрсеткенін, Қосыбаевтың командирге лайық басқарғанын зор бағалап, Қызыл Ту және II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталғаны жазылған.
Іздей берсең, небір құнды мәліметтерді кездестіресің. Газеттің 1943 жылғы 30 наурыздағы №27 нөмірінде Жамбыл облысы Көктерек ауданы, Ақбұлым ауылында тұратын 78 жастағы Әшім Ибраев өзінің 48 немересін соғысқа аттандырып салғаны туралы хабар берілген.
Газеттің 1944 жылғы 4 сәуірдегі нөмірінде КСРО Кеңес Одағының Батыры атағын алған ұлт өкілдерінің саны бойынша статистикалық мәліметтер берілген. "КСРОның барлық халықтарында да Отан соғысының батырлары бар" мақаласындағы мәліметтерге жүгінсек, 1944 жылдың 1 қаңтарында атағын 15571 қазақ жауынгерлеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген және қазақтар КСРО халықтары ішінде бұл тізімде саны бойынша орыстар, украиндар мен белорустардан кейін (орыстар – 1053162, украиндар – 219241, белорустар – 37036) 4-орында тұрғандығын аңғарамыз. Тек осы шағын мәліметтің өзі ғана сұрапыл соғыс жылдарында қазақ жігіттері мен қыздарының ерекше ерлікпен шайқасқандығын және соғыс шебінде басқа ұлт өкілдеріне қарағанда қазақтар санының біршама көп болғандығын аңғаруға болады.
Ал, газеттің желтоқсан айының №108 нөмірінде жазушы, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен халық ақыны Жамбыл Жабаевтың Қазақстанда кездесуі туралы жазылған және суреттері қоса басылған.
Сонымен қатар, газет ұжымы жауынгерлердің майданда көрсеткен ерліктерін ғана жазумен шектелмеді. Басылымда келесі тұрақты айдарлар болды:
- Жауынгерлерге кеңес ("қыста пулеметті қалай ұстау керек", "шабуылда қалай қимылдау керек", "соғыс өнерін үйрен" деген мақалалар жарияланып отырды);
- Қазақстанда (соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары екені жайлы көптеген мәліметтер беріліп отырды. Мысалы, "Қарағандының кеншілері бірінші май алдындағы жарыста жаңа табыстарға жетуде. 20 күндік тапсырманы көмір бассейіні 100,2 процент орындады" (1943, 30 наурыз №27); "колхозшылар мемлекетке астық тапсыруды толығымен орындап, Жоғары Бас командашысының қорына мың пуд астық берді" (1943ж., 20 тамыз №68); "ССРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалы жанындағы тіл және әдебиет институты қазақша-орысша үлкен сөздік шығаруды аяқтады" (1944ж., 16 желтоқсан №103) деген әртүрлі мәліметтер жарияланып тұрған;
- Біздің ұлы бабаларымыз (А.Суворов, М.Кутузов сияқты атақты қолбасшылардың ерлік бейнелері соғыста жауынгерлерді рухтандырады деген мақсатта, газеттің 1943 жылғы 28 қыркүйегінен (№80) бастап атақты қолбасшылар, әскери адамдар туралы әңгімелер басыла бастайды);
- Шет елдерде (Шет елдердегі саяси жағдаймен, өмір тіршілігімен таныстыру мақсатында мақалалар жарияланып тұрған, мысалы, "Рейтер агенттігінің хабары бойынша Италияда соғыс тоқтатылсын деген ұрандармен демонстрациялар болған" (1943 ж., 13 тамыз №66).
- Врачтың кеңесі ("үсуден қалай сақтану керек", "тұмаумен күресудегі шаралар" туралы дәрігер кеңестері беріліп тұрған);
- Кәні келіңдер, ән салайық (жауынгерлердің сұранысы бойынша 1944 жылдың 3 маусымынан (№48) бастап халық әндері мен Әсеттің, Қалқаның, Естай ақынның, Балуан Шолақтың, Ақан Серінің, Манарбек Ержановтың және т.б. әндері жарияланып тұрды).
Жауды жеңуге қазақстанның ақын-жазушылары да үлкен үлес қосты. Қазақстан Совет Жазушылар Одағының төрағасы Сәбит Мұқановтың "Қазақстан жазушылары Отан соғысы күндерінде" атты мақаласы 1943 жылдың 11 қазанында (№ 84) жарық көрді. С. Мұқанов: "Жамбыл қарт бастаған ақындарымыз Отан соғысы басталысымен барлық жырларын майданның жеңісіне арнап, халық жүрегімен толғады, елді жеңіске, ерді намысқа шақырды", - дейді. Ол сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі жаңалықтармен, ақын-жазушылардың поэма, проза, драматургия саласындағы жаңа шығармаларымен таныстырған.
Газет беттерінде белгілі ақындардың өлеңдері жарық көріп тұрды, Ж. Жабаевтың "Жауды жой" (1943ж., 23 наурыз, №25), С. Мұқановтың "Ленин қаласы" (1944ж., 16 шілде №58), Ж. Молдағалиевтің "Екі өлең" (1944ж., 4 ақпан №11), К. Симоновтың "Күте бер мені келер деп" (1943ж., 13 июль, № 57) және т.б. өлеңдері жарияланған. Сонымен қатар, майдандағы жауынгерлердің де шығармашылық қолтаңбалары газет беттерінде басылып тұрған, мысалы, гвардия кіші лейтенанты Р. Сансызбаевтың "Сүйген қызға", лейтенант С. Хамзиннің "Оралға", жауынгер Б. Асыловтың "Талқандаймыз" және т.б. өлеңдері әр нөмірлерде жарық көрген.
1944 жылғы сәуір айының №32, №33, №34 нөмірлерінде "Қазақ халқының ертедегі батыр ұлдары" атты айдарда Абылай ханның қазақтың елдігін сақтап қалудағы тарихи рөлі және мемлекеттік қайраткерлігі баяндалған мақала жарияланса, газеттің мамыр айындағы өмірлерінде қазақтың халық батыры Аманкелді Иманов (1944ж., 20 мамыр №44), ғалым, тарихшы, географ Шоқан Уәлиханов (1944ж., 13 мамыр №42) туралы мақалалар жарық көрген.
Ұлы ақын Абайдың 100 жыл толуы қарсаңында "Абай" картинасы түсіріліп жатқаны туралы Қабыш Сиранов өз мақаласында: "Алматы киностудиясының коллективі барлық күш жігерімен қызмет етуде. Абайдың рөлін халық артисі Қалибек Қуанышбаев ойнайды", - деп баяндайды (1944ж., 15 қараша №94).
Сонымен қатар, ұлы ақынның мерейтойына орай "Абай – жаңа көркем әдебиеттің атасы" атты ф. ғ. д. Н. Сауранбаевтың үлкен мақаласы жарияланады. "Қазақ халқының ой-өрісінің даму тарихында Абайдың әлеуметтік көзқарасы, идеясы асқар таудың белі болса, поэзиясы оның шыңы", - дейді автор (1945, 30 мамыр №45).
Газет беттерінде осы сияқты мақалалар мен фотосуреттердің әрқайсысы да маңыздылығы мен тарихи құндылығын ешқашан жоғалтпақ емес.
Соғыс кезінде қазақ тілінде жарық көрген майдандық 26 газеттің арасында "Отанды қорғауда" ең үздік басылым деп танылды. "Социалистік Қазақстан" газеті сонау сұрапыл соғыс жылдарының өзінде-ақ бұл басылымда неғұрлым толық газет деп бағалаған.
Көпшілік оқырман осы газет арқылы Ұлы Отан соғысы туралы, соғыс кезіндегі журналистика, білім, ғылым, мәдениет, майдан мен тылдағы күрес туралы біраз мағлұмат ала алады.
Ленинградта үш жыл шығып тұрған "Отанды қорғауда" газетіне 1945 жылдың аяғында "қазақ ұлтшылдарының ұйымы құрылған" деген жала тағылып, газет қызметкерлері Түймебай Әшімбаев, Кәрім Усманов, Асылхан Тұрғанов әскери трибуналдың шешімімен жеті жылға сотталды. Соғыс бітіп, елге ораламыз деп жүрген кезінде олардың өмірі бір күнде аспаннан жай түскендей астан-кестең болады.. Арыстай үш жігіттің біреу ғана елге оралды, ол - Түймебай Әшімбаев. Лагерьдің азабына шыдай алмай Кәрім Усманов пен Асылхан Тұрғанов қайтыс болады.
Басынан өткен қиыншылыққа мойымай, Түймебай Әшімбаев жоғары білім алып, ғылыммен айналысады, ҰҒА академик дәрежесіне ие болады.
"На страже Родины" газетінің редакторы М.И. Гордон да сегіз жылға сотталып, Қарағандыныда шахтада жұмыс істепті.
"Отанды қорғауда" газетінің түпнұсқаларын Т. Әшімбаевтың әйелі А.К. Голубева сақтап қалған екен. Бүгінде бұл газеттің түпнасқаларын Т. Әшімбаевтың отбасы ҚР Ұлттық кітапханасының қорына сыйлаған. Осындай құнды материалдың көпшілікке танымал болуы үшін газеттердің бар нөмірлері сандық нұсқаға көшіріліп, кітап болып шығарылған (Красноармейская газета Ленинградского фронта "Отанды қорғауда" за 1942-1945 гг. - Алматы : Фирма КИІК, 2008. - 647 с.).
"Отанды қорғауда" газеті туралы ақпарат Сізді қызықтырса және Сіз онымен толығырақ танысқыңыз келсе, кітапханамызға келуге шақырамыз!