1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы өткен ғасырда болғанымен, әлі де соғыстың белгісіз беттері зерттеліп келеді. Соның бірі Кеңес Одағының Батыры – Рахимов Сабыр Омарұлы туралы деректер.

Сабыр Рахимов ірі әскери қолбасшы, Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал-майор. Кеңестік заманда батырымыз өзбек ұлтының азаматы ретінде дәріптеліп келді. Уақыт өте келе қазақ жерінде туғандығы, оның ұлты өзбек емес, қазақ екендігі нақты дәлелденді.

Рахимов Сабыр Омарұлы 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Сабырды анасы Өзбекстанға алып кеткен.

1922 жылы әскер қатарына өзі сұранып, Баку қаласындағы әскери училищеге түседі. Оны үздік бітірген соң, Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясындағы полктің взвод командирі болып тағайындалады. Көп ұзамай іскер  командир ретінде көріне білген Сабырды эскадрон командирлігіне өсіреді.

1925-1927 жылдары эскадронымен Тәжікстан және Түркменстанда басмашы бандыларымен күресті.

1939 жылы Өзбекстанда ерекше химиялық авиациялық ұйымдары кеңесінің ең жауапты бөлімі – жауынгерлік дайындық бөлімін басқарды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндерде ол өзінің қызмет еткен бөлімімен соғысқа аттанады. Сұрапыл соғыс жылдарында ұрысты сауатты ұйымдастыра білгені үшін «Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», Суворов және Кутузов, «Кавказды қорғағаны үшін» ордендерімен және медальдармен марапатталады.

1943 жылы Сабыр Рахимовке жоғары әскери дәреже генерал-майор атағы берілді.

Өкінішке орай, генерал Рахимов Жеңіс күнін көре алмай кетті, 1945 жылы 26 наурыз күні Польшаның Данциг қаласы үшін шабуыл кезінде қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1965 жылдың 6 мамырында генерал-майор Сабыр Омарұлы Рахимовқа Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

Ұлы Отан соғысы жеңісіне үлкен үлесін қосқан генерал Сабыр Рахимов туралы Өзбекстанда «Генерал Рахимов» атты деректі фильм түсірілген. Кезінде Өзбекстанда С. Рахимовтің есімімен аталған көп нысандар болған. Кейіннен 2000 жылдары С. Рахимов «өзбек емес» деген сылтаумен оның есімімен аталған ғимараттар мен нысандарға басқа есімдер мен атаулар берілген.

Қазіргі таңда Сабыр Рахимов әрбір қазақтың мақтан тұтар батыры, оның аты Қазақстанда бірқатар нысандарға берілген.

Шымкент қаласында Сабыр Рахимовтің атындағы республикалық әскери мектеп-интернат бар. Осы қалада даңқты қолбасшының 110 жыл толуына орай 2012 жылы «Жеңіс» саябағының алдында ескерткіш орнатылған.

2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ауған соғысы ардагерлерінің басшылығымен «Кеңес Одағының батыры – Сабыр Рахимов» атты медаль жарыққа шықты.

Алматы қаласында «Құлагер» ықшам ауданындағы көше генерал, батыр Сабыр Рахимовтің есімімен аталады.

 Әдебиеттер тізімі

 Кітаптар - Книги:

Ысқақ, Ә. Тұңғыш генерал [Мәтін] : [журналисттік зерттеу] / Ә. Ысқақ. - Астана : Астана-Полиграфия, 2010. – 160 б.

Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасында шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рахимов жайында белгілі қаламгер Әкім Ысқақ сыр шертеді.

Сабыр Омарұлы Рахымов [Мәтін] / құраст. Д. Қожамұрат // Алғадай. Батыр қолбасшы, Батыр генерал [Мәтін] : [жинақ] / құраст. Д. Қожамұрат - Алматы , 2010. – 111-126 б.

Рахимов Сабир [Текст] // Герои Советского Союза : краткий биографический словарь в 2 т. / Пред. ред. коллегии И. Н. Шкадов и др. – М.: Воениздат, 1988 - Т. 2 : Любов – Ящук. – С. 348.

 Мақалалар - Статьи:

 Әуелбек, Ә. Генералдың ақырғы аманаты [Мәтін] // Дала мен қала. - 2006. - №6. - 17  б.

Қожамұратов, М. Қазақтың ұмытылған батыр ұлы [Мәтін] : Сабыр Рахимов туралы // Жас Алаш. - 2002. - 28 мамыр. - 3  б.

Омаров, Е. Отанға ұмтылған елес [Мәтін] : Сабыр Рахымовтың қазақ генералы екендігіне талас қашанғы созылады? // Президент және Халық. - 2006. - 17 қараша (№ 46). - 6 б.

Сайлан, Б. Генерал Сабыр Рақымов - қазақ батыры [Мәтін] // ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. - 2014. - № 2. - 255-258 б.

Сәрсенбайұлы, Ғ. Бас қалаларға батыр ескерткіші орнатылса [Мәтін] // Түркістан. - 2011. - 3 наурыз (№ 9). - 3 б.

Тоқтабай, А. Қолбасшы [Мәтін] : Генерал Сабыр Рахымов туралы тың деректер // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 6-12 мамыр (№ 18). - 1 - 7 б.

Али, Р. Перенесли с корнем [Текст] // Деловая неделя. - 2011. - 14 янв. (№ 1). - С. 1.