23 сәуір – Дүниежүзілік кітап пен авторлық құқық қорғау күні мерекесі екені көпшілікке мәлім. Оқырманды кітапқа жақындату, оқуға баулу сынды мақсаттарды алға қойған кітапхана әр жыл сайын осы күнді өз қабырғасында атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Биылғы жылы да Кітап күні мерекесінде Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі «Әдебиет түймедағы» атты арнайы дайындалған викторинамен оқырманды баурап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аталмыш шараның сұрақтары 100 жылдығы «ЮНЕСКО» көлемінде тойланып жатқан әрі республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясында «Көшпенділер» тарихи роман трилогиясы таңдалған жазушы І. Есенберлиннің шығармашылығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын қамтыды. Әрбір дұрыс жауап берген оқырман естелік сыйлықтарды арнайы қорап ішінен көздерін жұмып, таңдап алды. Дұрыс жауап бере алмағандарға кітапханашылар тарапынан қосымша сұрақтар қойылып, қазақ хандығы туралы титтей болса да білімдерін арттырып, сыйлықтарын алып қайтты. Арнайы қораптарға (асық, қанжар, домбыра т.б) әр түрлі тарихи бұйымдар жасырылып, оқырмандарға бұйым түстеліп, олар атауын тауып айтып жатты. Ойнап тұрған әуезді патриоттық әндер мерекеге ерекше күй сыйлады. Ал «Көшпенділер әлемі» атты кітап көрмесі мерекенің сәнін келтірді. Шараға қолдау көрсеткен Республикалық әдеби-қоғамдық «Қасым» журналының жаңа саны оқырмандарға таратылды.

Шара кешке дейін жалғасын тапты. Мереке күні кітапханаға келген оқырмандардың барлығы өз білімдерін сынауға мүмкіндік алды. Кез-келген жастағы, кез-келген ұлт өкілдері Қазақстан тарихына бей-жай қарамайтындықтарын дәлелдеді. Мубараков Айдар, Омаров Сатек, Жапан Арайлым және т.б оқырмандар ерекше белсенділікпен білімдерін танытты. Анасына еріп келген бастауыш сынып оқушылары да сұрақтарға жауап беріп, ұйымдастырушылардың көңілінен шықты. Айтулы мереке жоғары деңгейде өтіп, оқырмандардың кітап оқуға деген ынталарын одан әрі жоғарылатқаны сөзсіз.