Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында сәуір айының 14 күні Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мәдени шаралар аясында Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен «Достық пен ұлтаралық келісім – мұратымыз» атты кездесу кеші өтті.
Кездесу кешінің мақсаты - жас ұрпақты ұлтаралық келісімге, облысымызды мекендейтін ұлттардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу, облысымыздың этномәдени бірлестіктерінің қызметімен таныстыру, жастарға эстетикалық, рухани ізгілік тұрғыдан тәрбие беру, туған елге деген патриоттық сезімін арттыру.
Кешке «Видергебурт» неміс орталығының, «Ихлас» Қарағанды облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталығының, «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігінің, «Дружба» қытай ұлттық-мәдени орталығының, «Спадчына» белорус мәдениетінің облыстық қорының, «Центр забота – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық қоры Қарағанды облыстық филиалының, «Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамының өкілдері қатысты.
«Ихлас» қоғамдық орталығының өкілі А.Б. Керейбаев, «Полония»қоғамының өкілі Хмелевский Виталий Альбертович, Центр забота – Хэсэд Полина» қоғамдық қорының өкілінің және тағы басқа кеш қатысушылары Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей қоғамдық-саяси институт, Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімге қол ұшын беретін ұлттар мен конфессиялардың өзара қарым-қатынасының қолайлы моделі жайында сөз қозғады.Олар Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында алатын орнын және бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қолдаудағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар кешіміздің қонақтары барша кешке қатысушыларды 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін Қазақстан Республикасының Президентін сайлауына белсенділікпен қатысуға және лайықты кандидат – Н.Ә. Назарбаевқа дауыс беруге шақырды.
«Жыр-Жауһар» поэзия клубының белсенді мүшесі Б.Мұхамедиярдың орындаған әні кештің ажарын аша түсті. Сонымен қатар, «Казачья вольница» ансамблінің орындауындағы ән жастар қауымының қошеметіне ие болды. Олар Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап «Едут по Берлину наши казаки» атты танымал әнін орындады. «Полония» қоғамының вокалды тобы халықтар достығына арналған қазақ, поляк, және орыс тілінде әндер орындады. «Спадчына» белорус мәдениетінің облыстық қорының өкілдері белорус ас үйінің көрмесін ұйымдастырып, кеш соңында қонақтарды кең дастарханға шақырды.
Кеш қатысушыларының сөйлеген сөздерінің дәлелі ретінде оқу залының қызметкері О.Лебедов көлемді кітап көрмесімен таныстырды.
Интернет секторының меңгерушісі И.А. Ельцова Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына және Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктеріне арналған ғаламтордағы ресурстер жайлы презентацияны назарға ұсынды.
Кеш соңында кітапхана директоры Д.Б. Аманжолова қонақтарға алғыс хаттар табыстады. Өткен кештен естелік ретінде ұжымдық фотосурет түсірілді.