15-сәуір – "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" ғашықтар күнін дәстүрлі тойланатын ұлттық мереке деңгейіне көтеру мақсатында "Сезім деген – ең әуелі мөлдірлік"атты жұптар арасында сайыс өтеді.

Асыл сөздің маржаны, кемел ойдың тұңғиығы қазақтың ауыз әдебиетінде жатыр. Лиро-эпостық жырлардағы "Қыз Жібек пен Төлеген», "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу"образдары арқылы біз бойымызға адамгершілік, сүйіспеншілік, адалдық, имандылық, тектілік сияқты көптеген қасиеттер дарыта аламыз. Ғашығына деген саф сезім әрбір адамды айналасындағыларға да сүйіспеншілікпен қарауға бастары сөзсіз. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше ықпалы бар көптеген ғашықтарды - ғашықтық дастандар, ғашықтық жырлар мен жазба әдебиетіміздің озық үлгілері арқылы танимыз.

2011 жылы Серік Аббас-Шах бастап, жастар қостап 15-сәуірді ғашықтардың төл мерекесі, яки "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу"күні деп белгілеген болатын. Бүгінде бұл күннің мереке санатына қосылып, жастардың сүйікті күніне айналғанына 4 жыл толмақ.

Осыған орай, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу"ғашықтар күнін дәстүрлі тойланатын ұлттық мереке деңгейіне көтеру, інжу-маржан қазынамызды насихаттау, жастарды кітап оқуға баулу мақсатында "Жыр-Жауһар"поэзия клубының жастарының ұйымдастыруымен 15- сәуір күні сағат 15.00-де "Сезім деген – ең әуелі мөлдірлік"атты жұптар арасында сайыс өткізіледі. Шараға жеті оқу орнынан, жеті жұп қатысып, тарихтан аты мәлім жеті ғашықтың образын сомдап, жеті шарт бойынша сайысқа түседі.

Қарағанды "Болашақ"Университеті – "Ләйлі-Мәжнүн"жұбы.

Қарағанды Медицина Университеті – "Қозы Көрпеш-Баян сұлу"жұбы

Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университеті – "Қыз Жібек пен Төлеген"жұбы

Қарағанды Банк колледжі – "Абай-Тоғжан"жұбы

Қарағанды "Болашақ"колледжі – "Естай-Қорлан"жұбы

Қарағанды Гуманитарлық колледжі – "Еңлік-Кебек"жұбы

Саран Гуманитарлық-Техникалық колледжі "Қалқаман-Мамыр"жұбы

Лиро-эпостық және классикалық поэзия жауһарларынан үзінді оқып, ән айтып би билейді. Сұрақтарға жауап беріп, ғашықтық хаттарын сахналап жеткізеді. Дайындап келген жұптық суреттерден құралған презентацияларын ел назарына ұсынып, киім үлгілерін де сынға салады. Жеңімпаздарды С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрынан, Облыстық тілдерді дамыту басқармасынан, руханиятымыздың белді өкілдерінен арнайы жасақталған әділ қазылар алқасы анықтайды. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге ие болған жеңімпаз жұп - ғашықтар күнінің арнайы символы "Қозы Көрпеш – Баян сұлу"мүсінін иеленіп, "Ақжол"мейрамханасында романтикалық кешкі ас ішу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

 Құрметті оқырмандар, жастар, аталмыш мерекеге қатысып, өздеріңіздің сүйікті жұптарыңызға қолдау көрсетіңіздер.