7-ші сәуір Дүниежүзілік денсаулық күні. 1948 жылы 7-ші сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының жанынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылды. Негізгі мақсаты – жер бетіндегі халықтардың денсаулығын жақсартуға қол жеткізу. Бүгінгі күні әлемнің 200-ге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.

Біздің елімізде азаматтардың денсаулығына мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінеді, көптеген игі бастамалар қолға алынуда. Жылдар бойына маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда:

1997 жыл - "Қазақстан - 2030" Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы (Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты).

2002 жыл - Қазақстанда денсаулық жылы.

2004 жыл - медициналық қызмет көрсетуді бақылау Комитеті құрылды.

2006 жыл - медициналық көмек көрсету орталықтары ашыла бастады.

2009 жыл - "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы Қазақстан Республикасының кодексі қабылданды.

2010 жыл – 2011 – 2015-ші жылдарға арналған "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы қабылданды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында "Қазақстан – 2050" стратегиясында "Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады" деп атап өтті.

Ағымдағы жылда Дүниежүзілік денсаулық күні "Мен саламатты өмір салтын ұстанамын!" атты тақырыпта өтеді. Осыған орай, кітапханамыздың оқу залында "Халық саулығы – ұлт байлығы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде адамның денсаулығы мен салауатты өмір сүруіне байланысты әдебиеттер жинақталған. Денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу сынды сұрақтарға жауап беретін әдебиеттермен қоса, дұрыс тамақтану, тазалық гигиенасы сынды материалдар назарға ұсынылған. Бүгінгі күні көптеген адамдар дәстүрлі емес медицина әдістеріне де жүгінеді. Осы тақырыпқа байланысты кітапхана қорындағы әдебиеттер де осы көрмеге жинақталған. Жалпы денсаулықты күту мен шынықтыру сынды мәселелерге көңіл бөлетін оқырмандарымыздың қызығушылықтарына байланысты әдебиеттер осы жерден табылады. Салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулық арқылы үлкен жетістіктерге жету жолдарына бағыттайтын белгілі спортшылар жайлы да әдебиеттермен осы көрме арқылы танысуға болады.

Ауырып ем іздегенше,

Ауырмайтын жол ізде!,

демекші, аталмыш көрме Сіздерге арналады, құрметті оқырман қауым!