Самарқанның көк тасын еріткен, елдің ырысын кеңіткен, мұсылман үмбетінің жыл басы болып табылатын  Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кітапхана қабырғасында жыл сайын тойланатын дәстүрлі мерекелердің бірі.

Биылғы Наурыз өзге наурыздардан ерекше болды.

Наурыз айының 15-күні кітапхана әкімшілігінің қолдауымен "Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен "Нұр себеле ұлыстың ұлы күні" атты еркін форматтағы мерекелік кеш өтті.

Бұл күн шынымен де нұр себелеген күн болды. Жаратылысынан еркіндікті сүйетін, қатып қалған қатаң қалыпты бұзып-жаратын асау рух иелері ерекше күйге бөленіп, емен-жарқын көсілді. Мерекелік сахна да айрықша көз тартатындай етіп жасақталған. Халқымыздың салт-дәстүрі, Наурыз мерекесінің тарихы мен тойлану үрдісі көркем безендірілген кітап көрмесінде қамтылды. Жыл басы Наурыздың келгенін сездіретін түрлі-түсті суреттер мен ақ тілектер де ілінген. Мерекеге клубтың барлық мүшелері жиналды. Клубтың алғашқы мүшелері: Қуаныш Медеубаев, Алмаз Мырзахмет, Марғұлан Уалиев, Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Ерғанат Кеңесбек, Аман Ахметжановтар арнайы қонақ ретінде шақырылды. Ұйымдастырушылар тарапынан ақжарқын дастархан жайылып, Наурыз көже ұсынылды. Іс-шара жоғары деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Клубтың жас мүшелері "Жыр-Жауһар" поэзия клубының алдыңғы буын мүшелерінің жыр қазыналары топтастырылған кітап көрмесіне зор қызығушылық танытты. Жігіттер асық атып, арқан тартты, білек те түйістірді. Арулар жағы шаш өрудің озық үлгілерін көрсетті. Ашық әңгіме өрбіп, арқа-жарқа болды. Топ-топқа бөлініп ән де айтты тамылжытып, өлең де оқыды тебірентіп. Наурыз мерекесіне байланысты сұрақтарға жауап беріп ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптармыз жайлы білімдерін де жаңғыртты. Алдыңғы толқын мен жас толқын етене танысып, ой бөлісті. Алдағы іс-шаралар сарапталды.

Биылғы наурыз қаламызға ерекше қарқын алып келген екен. Бұл сөзімізге аталмыш іс-шара дәлел. Клуб мүшелері бір үйдің балаларындай жұмыла ұйымдасуымен өткен іс-шара "бірлік болмай, тірлік болмайтынын" айқын көрсетті.